Алматыда пәтерін заңсыз жалға берген 2 мыңға жуық адам анықталды
10 күннен бір айға дейін бір рет ескерту жасалады...
Алматыда бюджетке салық төлемей жүргендерді анықтау үшін ведомствоаралық жоспар құрылды. Қазір салық қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйді жалға берушілердің тізімін жасап жүр.
Қалалық ПД учаскелік полиция инспекторы Төленді Әубәкіровтің айтуынша, салықтан жалтарғандарға алдымен хабарландыру жіберіледі. 10 күннен бір айға дейін бір рет ескерту жасалады. Ал бір айдан асқандарға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Айта кетсек, Алматыда соңғы бір айда пәтерін жалға беретін 2 мыңға жуық адам анықталған. Олардың басым бөлігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмепті.
Біз хабарлама жібергеннен кейін 72 жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. 300-і бірыңғай жиынтық төлемдерін төлейді және 17 жеке тұлға келер жылдың 30 наурызына дейін жеке табыс салығын төлейтін болады, - дейді қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айжан Бекеева.
Бұған дейін жалпы еліміз бойынша көлеңкелі бизнеспен айналысқандарға 7 млн теңгеден аса айыппұл салынған. Соңғы 8 айда пәтерін заңсыз жалға берген 4 мыңға жуық үй иесі анықталып отыр. Сондықтан мамандар пәтерін жалға беретіндерге салықтан жалтармай, кәсібін заңдастыруға кеңес беріп отыр.