Мұндай тәжірибе дамыған елдерде бар
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин оқушылардың ауыр рюкзак ұстамауы үшін оларға планшет беруді ұсынды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Енді оқушыларды планшетпен қамтамасыз етуге тоқталсақ. Әріптесім Асхат Аймағамбетов ұсынғандай, ауыр рюкзактар мен мектептердегі цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері планшет қолдану арқылы кешенді шешімін табуы мүмкін. Планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе үйден онлайн білім алу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді, - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, мұндай әдіс Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркия сынды бірқатар дамыған елдерде бар.
Сондай-ақ планшеттерді пайдалану оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді. Аталған елдерде осы шешім негізінде өңірлер арасындағы «Цифрлық» теңсіздікті төмендетуге, оқушылардың рюкзактарын жеңілдетуге мақсат қойылды, - деді Бағдат Мусин.
Осы орайда ол оқушыларға планшетті келесі жылы беруді ұсынды.
«Біздің ұсыныс – 400 мыңнан аса 1-сынып оқушыларын 2023 жылы сервистік модель арқылы планшеттермен қамтамасыз ету. Ұсынылып отырған механизнің бірқатар артықшылықтары бар:
Біріншіден, сервистік модельді пайдалану тікелей сатып алуға қарағанда, бастауыш сыныптарда 4 жылға арналған келісімшарт сомасын бөлу есебінен бюджетке жүктеме азаяды. Бұл механизм халық пен бизнес арасында телефондар мен планшеттерді сатып алу кезінде белсенді тапсырысқа ие.
Екіншіден, планшеттерді жалға беру қызметінен басқа, оқушылар үшін арнайы тарифпен мобильді интернет, планшеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет сатып алынады.
Үшіншіден, рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімі, яғни «ақ интернет» қашықтан жаңартылып отырады.
Ең бастысы, шетелдік өндірістерге тәуелділікті азайту үшін бұл механизм тек отандық өндірушілер үшін ғана қолжетімді болады», - деді министр.
Ол отандық өңдеуді 3 кезеңге бөлуді ұсынды. Нәтижесінде планшенттер елде құрастырылады.
«Бірінші кезеңде Қазақстанда негізгі компоненттерді құрастыру желісін орнату және одан мамандар даярлауды қамтиды. Екінші кезеңде жаңа мамандарды оқыту үшін жоғары оқу орындарымен және колледждермен синергия қажет. Үшінші кезеңде планшеттерді жасау кезінде практикалық қолдануға бағытталған R&D жұмыстарының жиынтығын қамтиды. Бұл кезеңде университет түлектері микроэлектроника саласында жаңа өнімдерді жасауға қатысады», - деді Бағдат Мусин.