G-Park компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалды
Жақында аталған компания басшысы көпбалалы аналармен жанжалдасқан еді
Елордалық монополияға қарсы департамент ақпарат ұсынбағаны үшін G-Park-қа қатысты әкімшілік іс қозғады.
2022 жылғы 24 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша монополияға қарсы департамент «G-Park» ЖШС-ға қатысты мәліметті белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін әкімшілік іс қозғап, жаза қолдану туралы қаулы шығарды.
Бұған дейін, астаналық монополияға қарсы департамент қалада бастапқы тұрғын үйді сату бойынша тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау шеңберінде, нарық субъектілерінің атына қажетті деректі ұсыну туралы сұрау жіберген. Алайда G-Park мағлұматты белгіленген мерзімде ұсынбауына байланысты, кәсіпорынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 162-бабы бойынша әкімшілік іс ашылды. Ол орта кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан, айыппұл сомасы 1,1 млн теңгені (360 АЕК) құрады, – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
G-Park белгіленген мерзімде айыппұл төлемегендіктен бас қаланың монополияға қарсы департаменті әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды. Айыппұл төленбеген жағдайда іс сот орындаушысына мәжбүрлеп орындату үшін жіберіледі. Бұл ретте, кәсіпорын монополияға қарсы департаменттің сұрау салуы бойынша ақпарат ұсынудан босатылмайды.
Бұған дейін көпбалалы аналармен жанжалдасқан G-Park басшысы қайырымдылық жасауды тоқтататынын мәлімдеген болатын.