Сот Еңсебаевтың мерзімінен бұрын босап шыққанына қатысты түсінік берді
Ол айыппұлды төлеу мүмкіндігі туралы дәлел келтірген
Астана қалалық соты бұған дейін істі болған бұрынғы Қаржы вице-министрінің бостандыққа шығу себебін түсіндірді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұқаралық ақпарат құралдарында бұрынғы вице-министрдің сот үкімі шыққан соң 2,5 айдан кейін бостандыққа шыққандығы туралы ақпарат жарияланды. Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының 2021 жылғы 23 қыркүйектегі үкімімен Еңсебаев пен Ескендіров пара алғаны үшін кінәлі деп танылып (ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі), 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын, - делінген хабарламада.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, үкіммен келіспеген Еңсебаев айыппұл төлеу мүмкіндігі туралы дәлел келтірген.
Сондай-ақ ведомство сотталған Еңсебаевтың ісі ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі бойынша алған параны 50 немесе 60 еселенген сома мөлшерінде айыппұл түрінде қайтаруды немесе 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыруды көздейтінін жеткізді.
Хабарламада көрсетілгендей, 2021 жылдың 13 желтоқсанында алқа мән-жайды ескере отырып, Еңсебаевқа қатысты бірінші сатыдағы үкімді өзгертіп, бас бостандығынан айыру жазасын алған параның 55 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни ҚР ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігіне сәйкес 66 млн теңге сомасындағы айыппұлға ауыстырды.
Соңғы қабылданған шешімге қатысты ешкім қарсылық танытпаған. Осылайша сотталушы тағайындалған айыппұлды төлегеннен кейін бостандыққа жіберілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін 4 жылға сотталған бұрынғы Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың 2,5 айдан кейін бостандыққа шыққаны туралы хабарлаған болатынбыз.