Елімізде 9 айда 2 мыңнан аса адам жоғалып кеткен

Дәурен Ерболат

Олардың арасында балалар да бар

Фото: vlast.kz

Жыл басынан бері Қазақстанда 2 мың 75 адам жоғалған. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрлан Темірбаев айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде жоғалған адамдарды іздестіруде заманауи техниканың айтарлықтай пайдасы бар.

Алайда техникалық құралдарды пайдалану туралы ақпарат құпия болып саналады. Бас прокуратура Құқықтық сатистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметі бойынша, биыл 9 айда 2 мың 75 адам хабар-ошарсыз кеткен. Оның ішінде 1 189 адамның қайда жүргені анықталды. Ал қалған 801 адам іздестіріліп жатыр, - деді Нұрлан Темірбаев ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

9 айда кәмелетке толмаған 186 балаға іздеу жарияланған.

«Бүгінде хабар-ошарсыз жоғалған 176 кәмелетке толмаған баланың қайда жүргені анықталды. 6 жасөспірімді әлі іздеп жатырмыз. Оның ішінде Шымкент қаласында – 2, Алматы қаласында – 1, Алматы облысында – 1, Жетісу облысында – 1, Түркістан облысында – 1 жасөспірім», - деді ол.