Украинаның әскері 2-5 шақырым шамасында ілгері жылжыды
Украинаның қарулы күштері Херсон облысынан оккупанттарды ақырындап болса да ығыстырып шығара бастады. Бұл туралы «Стопкор» хабарлады.
Оңтүстік Қорғаныс күштерінің баспасөз хатшысы Наталья Гуменюк өткен тәулікте украин әскерлерінің Херсон жерінде 2-5 шақырым шамасында ілгері жылжығанын мәлімдеді. Ол Харьков облысына қарағанда, жауды қуып шығудың неге тосқауылға көбірек тап болып жатқанын айтты.
Наталья Гуменюк 30 қазан күні Freedom телеарнасына берген сұхбатында қыркүйек айында Харьков облысында болған жылдамдықтың мұндай қайталана қоймауының үш себебін атап өтті. Оның айтуынша, олардың арасында әскер жылжитын жердің ашық жазық болып келетін өзіндік рельефі, оккупациялық армияның қорғаныс жүйесіндегі белгілі бір айырмашылықтары, яғни бірнеше қабат қорғаныс шептерін құрып тастауы, өңірдегі шайқасқа екі жақтың да айрықша көңіл бөліп, күш салуы секілді себептер бар.
Расында РФ оккупанттары үшін Херсон жерінің тактикалық тұрғыда да өзіндік ерекшеліктері айтылып жатыр. Біріншіден, бұл жерден Қырымға су беріледі, екіншіден, Украинаны Қара теңізден бөліп тастауға қатты күш салынып жатыр.
Қазір Херсон жерінде кескілескен шайқас болып жатыр. Антон көпіріне қайта-қайта снаряд түсіп жатқаны да белгілі болды.
Украин әскерлері Харьков бағытында бір тікұшақты атып түсірді. Сондай-ақ Ресейдің Белгород облысында тағы да снарядтардың жарылып жатқаны анықталды.