Қызыл кітапқа енген қос аққуды атып алған ақмолалық аңшы ұсталды
Ол ондай сирек құстарды аулауға тыйым салынғанын біле тұра әдейі атқан
Ақмола облысында екі аққуды атқан аңшы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қылмыс 29 қазанда «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталған. Бұланды аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларымен Журавлев ауылдық округінің аумағында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде 67 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «ИЖ-Юпитер 5» мотоциклі тоқтатылды. Құжаттар мен көлік құралын тексеру кезінде полицейлер мотоцикл арбасынан екі кликун тұқымды аққудың аналығы және 12 калибрлі «ТОЗ 34» тегіс ұңғылы аңшылық мылтығын тапты.
Анықтау барысында ер адамның қаруы ІІО-да тіркелгені, сонымен қатар оның тиісті аңшы куәлігі бар екендігі белгілі болды.
Өзінің айтуынша, Қызыл кітапқа енген аққуларды атуға тыйым салынғанын ол білген, алайда құстарды көргеннен кейін атқысы келіп кетіпті.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігі бойынша («Заңсыз аң аулау») сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, кликун тұқымды аққу саны азайып бара жатқан түр ретінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.