Елімізде дарынды балаларды арнайы оқытатын 134 мектеп бар

Динара Амантай

Биыл алғаш рет әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға ерекше мүмкіндіктер жасалды

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда мамандандырылған мектептердің саны 134-ке жетті. Оқу жылының басынан бері бұл мектептерде 72 мыңнан аса оқушы білім алып жатыр. Дарынды балалармен 8 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мамандандырылған мектептер еліміздің барлық аймағында ашылған. Емтихандардан сүрінбей өткен балалар бұл білім ордаларында тегін білім ала алады. Сонымен қатар, биыл Балалар жылында алғаш рет әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға ерекше мүмкіндіктер жасалды.

Министрлік дарынды балаларды қолдау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір 134 мамандандырылған мектеп жұмыс істейді. Дарынды балалар республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мысалы, былтыр 420-дан аса оқушы республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанды. Олардың ұстаздары да жақсы үлгі көрсетіп, «Үздік педагог», «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Дарынды балалардың талантты мұғалімі» сынды байқауларға қатысып жүр, - деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әнуар Унайбеков.

134 мектептің 94-і жаратылыстану-математика бағытында, 6 мектеп қоғамдық-гуманитарлық бағытта, 8-і көпсалалы, 5-еуі әскери спорт, 6-ауы музыкалық-эстетикалық бағытта жұмыс істейді. Тағы 15 мектепке Абай Құнанбаевтың есімі берілген. 95 мектепте интернат үйлері бар.