Қазақстандық Ришат Галиахметов гір көтеруден әлем чемпионы атанды
Ол 95 кило салмақта өнер көрсетеді
Үндістан елінің Нью-Дели қаласында гір көтеру спортынан әлем чемпионаты өтуде. Додаға қатысқан атыраулық спортшы Ришат Галиахметов Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп 95 келі салмақта гір тасын көтеруден әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байрақты жарысқа әлемнің 13 елінен 234 атлет қатысуда.
Атырау облысынан үш спортшымыз қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде 95 келіде Ришат Галиахметов әлем чемпионы атанса, енді екі спортшымыз Досқали Досқалиев 90 келіде, Алпамыс Айтмуханов 73 келіде бақ сынайтын болады, деді аға жаттықтырушы Сергей Гридчин.
Бұл спорт түрімен атыраулық спортшылар, соның ішінде Ришат Галиахметов 10 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Ол биыл Щучинск қаласында өткен Азия чемпионатында да алтын жүлдеге ие болған еді.