Halyq Uni логотип
×

Астанада ер адам 14 жастағы жасөспірімге алданып, ақшасынан айырылды

Ювеналды полиция қызметкерлері баланы ерекше бақылауға алды

 Динара Амантай 29.10.2022 | 12:45
Астанада ер адам 14 жастағы жасөспірімге алданып, ақшасынан айырылды
Фото: Halyq Uni

Астанада жасөспірім елорда тұрғынын алдап, оның банк картасынан досына ақша аударған деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 14 жастағы жасөспірім кешкі уақытта көшеде бейтаныс адамға жақындап келіп, оған қатты аш екенін айтып, бәліш сатып алып беруді өтінген. Жасөспірімді аяған ер адам оны дүкенге алып барып, баланың өтінішін орындайды. Сол уақытта жеткіншек ер адамның қосымшаға кіру паролін көріп алған. Артынша көшеге шыққаннан кейін жасөспірім одан қоңырау шалу үшін телефонын сұраған. Қала тұрғыны оған ұялы телефонын еш күдіксіз берген. Бала телефондағы банк қосымшасына кіріп, досының картасына 122 мың теңге аударып алған. Аударым жасағаннан кейін ол телефонды иесіне қайтарып берген. Ер адам ақшаның жоғалғанын келесі күні ғана біліп, полицияға хабарласқан.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті ұсталды. Бала ақшаны алып, жұмсап үлгерген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Баланың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Жасөспірім өзінің кінәсін мойындады. Ювеналды полиция қызметкерлері оны ерекше бақылауға алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама