Мемлекеттік қызметкер 2 жасар баланың өмірін ажалдан құтқарды
Ол жедел әрі жанкештілік әрекеті үшін алғыс хатпен марапатталды
Атырауда мемлекеттік қызметкер суға батып кете жаздаған 2 жасар баланың өмірін құтқарды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қамзин Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 15 қазан күні Мұрат Қамзиннің жедел және жанкештілік әрекетінің арқасында Жайық өзеніне батып кете жаздаған екі жасар бала құтқарылған. Бүлдіршін өзен жағасында әжесімен серуендеп жүрген кезінде суық суға құлаған. Оқиға орнының жанында болған мемлекеттік қызметкер ойланбастан өзенге секіріп, бүлдіршінді құтқарып алған.
Ерлік жасаған М.Қамзинге Агенттік төрағасының арнайы жолдаған алғыс хатын Атырау облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Ермаханбетов табыстады.