Балаларын тастап Сирияға кеткен ақтөбелік әйел 6 жылда 7 рет тұрмысқа шыққан
Жеңгетайлықпен де айналысып, содырлардың тән қажеттіліктерін қанағаттандыратын әйелдердің міндеттерін бөліп жүрген
2013 жылдың жазында Ақмарал Алмағамбетова есімді әйел Ақтөбеден Алматыға жұмыс істеймін деген сылтаумен кетіп қалған. Шын мәнінде ол жұбайы мен 3 баласын тастап, «халифат құру» мақсатында Қырғызстан арқылы Сирияға қашқан. Бұл туралы «Время» басылымы жазды.
Оның қашу әрекеттеріне күйеуі Мирболат Жаманқұлов та себепші болуы мүмкін деген болжам бар. Әйел Сирияда ДАИШ-ке (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) кіріп, жұбайынан қашан келетінін сұрап, оны жиі шақырған. Бірақ жауап ала алмаған. Содан ол бір сириялыққа тұрмысқа шығады. Ол күйеуі жарылыс кезінде қаза тауып, әйел сол жақта одан кейін де бірнеше мәрте тұрмыс құрады. Екі күйеуі жарылыстан мерт болса, екеуінен өзі қашып кеткен.
2019 жылдың жазында Ақмарал Алмағамбетова «Жусан-2» арнайы операциясы аясында Сирияда босанған екі баласымен елге жеткізілген. Осылайша, 26 жасында шетел асқан ол 32 жасында оралған.
Ақтөбеде оған терроризм мен экстремизмді насихаттау, террористік топтың қызметіне қатысу және діни алауыздық тудыру айыптары тағылды. Өзі бірден кінәсін мойындап, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазақстандағы балалары бұрынғы күйеуімен қалса, Сирияда босанған ұлы мен қызы мемлекеттің қамқорлығына берілген.
Әйелдер колониясында Ақмарал Алмағамбетовамен теологтар мен психологтар жұмыс істеген. Оларға Сирияда 6 жыл ішінде 7 рет тұрмысқа шығып, Умм әл-Бара деген есіммен жүргенін айтқан. Сондай-ақ өзі жеңгетайлықпен де айналысып, содырлардың тән қажеттіліктерін қанағаттандыратын әйелдердің міндеттерін бөліп жүрген. Егер оның бақылауындағы әйелдердің біреуі қарсылық көрсетсе, ол ДАИШ өкілдерін шақырып, қатаң жазалаған. Тіпті, Сирияда қазақстандық ДАИШ-тықтардың арасында беделді Әбу Даудтың (астраханьдық Арсен Измайылов) отбасымен де тығыз байланыста болыпты (кейін ол да ұсталды). Сириядан келгенмен, әйелден қазір барлық туыстары бас тартып отыр.
Ақтөбе облысының дін істері басқармасының мәліметінше, былтыр өңірдің радикалды көзқараста болған 230 тұрғыны қалыпқа келіп, арнайы тізімнен шығарылған. Биыл 80-нен аса азамат оңалту жұмыстарының арқасында бұрынғы көзқарастарынан бас тартқан көрінеді.