×

Жеке тұрғын үй иелері жауапкершілікке тартылмайды – Ильин

5 мың тұрғын үйде өрт қауіпсіздігінің бұзылуы анықталды

 Динара Амантай 28.10.2022 | 15:03
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған тұрғын үй иелері жауапқа тартылмайды. Оларға тек ұсыныстар беріледі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жетісу облысының жұртшылығымен кездесу барысында айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында министр республика бойынша 1 қазаннан басталған жылыту кезеңінде профилактиканың маңыздылығына назар аударды. Алайда оған дайындық тамыз айында алдын-ала жүзеге асырылады. Кейіннен атаулы көмек көрсету үшін халықтың әлеуметтік осал топтар санатына жататын азаматтар тұрғын үйлерінің саны анықталады. Олар – көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектер.

Жылыту маусымы бойы тұрғын үй секторында пештерді, электр жабдықтарын пайдалану, сондай-ақ газ жабдықтары мен баллондарды пайдалану және сақтау бойынша әдістемелік көмек көрсете отырып, профилактикалық рейдтер өткізу жоспарланып отыр.

Біз жеке тұрғын үй секторын жауапкершілікке тартпайтынымызды, өзімізді және отбасымызды өрттен және көміртегі тотығымен улану жазатайым оқиғаларынан қалай қорғауға болатыны туралы ұсыныстар беретінімізді атап өткім келеді. 15 тамыздан бастап 3 мыңнан аса рейд жүргізілді, 5 мың тұрғын үйде өрт қауіпсіздігінің бұзылуы анықталды (қыздыру аспаптарының жанында жанғыш материалдарды сақтау, пештің үстінде заттарды кептіру және т.б.), оның ішінде 3 мың үйде бұзушылықтар орнында жойылды, қалғандарына ұсыныстар берілді. Барлығы 50 мыңнан аса жеке үй профилактикамен қамтылған, - деп атап өтті Юрий Ильин.

Сонымен қатар министр биыл қыркүйек айынан бастап әкімдікпен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 809 датчик орнатылғанын хабарлады. Олар қауіп туралы алдын ала хабардар етеді және азаматтардың қаза табуына жол бермейді.

Айта кетсек, 2021 жылы министрлік тұрғын үйлерде өрт дабылы және газдануды бақылау жүйелерімен міндетті жарақтандыруды заңнамалық түрде енгізді. Бұрын бұл нормалар тек ғимараттар, биіктігі 10 қабатты және одан да көп көппәтерлі тұрғын үйлер үшін қарастырылған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама