«Неге екі есе шығындалуым керек?»: Петропавлда 70-ке жуық отбасы жаңа пәтеріне кіре алмай отыр

Самат Жақып

Жаңадан бой көтерген тұрғын үйде жарық пен жылу, су мен кәріз жүйесі жоқ

Halyq Uni / Samat Zhaqyp

Петропавлда 70-ке жуық отбасы бес айдан бері сатып алған пәтерлеріне қоныстана алмай жүр. Себебі биыл маусымда халық игілігіне берілген баспанада жарық, су, жылу және кәріз жүйесі жоқ. Тұрғындар әкімдік өкілдерінің жарты жылдан бері берген уәдесінде тұрмағанын айтып, бас көтерді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Облыс орталығындағы «Жас өркен» шағын ауданы кейінгі жылдары айтарлықтай өзгерді. Қаланың кіре берісіндегі жеке сектордағы үйлердің орнына көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Сондай жобаның бірі – Ыбырай Алтынсарин көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үй.

Тұрғындардың сөзінше, жаңа үйдегі жұмыстар сапасыз атқарылған. Кіреберістен-ақ электр сымдарының дұрыс орнатылмағанын көруге болады. Сондай-ақ тұрғын үйге жарты жылдан бері инженерлік желі тартылмаған. Салдарынан тұрғындар жаңа пәтеріне көше алмай отыр.

«Бұл үй биыл маусымда тапсырылды. Жағдайы бар азаматтар пәтерді бірден сатып алды. Кейбірі ипотека рәсімдеп, несиеге алды. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтті, біз әлі қоныстана алмай жүрміз. Бізді алаңдатып отырған жалғыз сұрақ бар. Егер коммуналдық желі мүлде тартылмаса, неге қолымызға кілт пен құжаттарды берді? Қазір үйге кірмесек те ай сайын қарызымызды төлеп жатырмыз. Үй тұруға жарамсыз болған соң, тұрғындардың кейбірі күздің қара суығында саяжайларын паналап жүр. Бұл масқара ғой. Ыстық, суық су жоқ. Электр жарығы қосылмаған. Қазір қараша болды. Ал жылу болса әлі берілмеді. Кәріз жүйесі орнатылмаған. Сонда бұл нысанды әкімдік қалай қабылдап алған?», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлнара Ысқақова.

Әйелдің айтуынша, тұрғындар не істерін білмей отыр. Қазірге дейін жауапты мамандарға бірнеше рет хат жазған.

«НЕГЕ ЕКІ ЕСЕ ШЫҒЫНДАЛУЫМ КЕРЕК?»

Бұл тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер алған азаматтардың бірі – Дәурен Баймұратов. Ол жаңа баспанасына жазда жөндеу жұмыстарын жасаған. Енді жылу берілмесе, барлығы зая кетуі мүмкін деп алаңдайды. Өзі қазір отбасымен бірге баспана жалдап тұруға мәжбүр.

«Өз баспанамды сатып жібердім. Ақшам жетпеген соң, банкке барып несие рәсімдедім. Жаңа үй деп осы жерден үш бөлмелі пәтер алдым. Қазір өкініп отырмын. Жазда жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Қабырғасына түсқағаз жабыстырдым. Еденге қымбат ламинат төселді. Енді ертең бәрі бүлініп кетсе, кім маған өтемақы төлейді? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Миллиондаған қаражат желге ұшпаса екен деп тілеп отырмын. Тым құрығанда жылу мен су болса үйге кіріп алар едік. Үйдің сырты бүтін көрінгенімен ішіндегі проблемасы бастан асып жатыр. Олардың барлығына көз жұма қарауға дайынбыз. Коммуналдық желілерді тартып берсе болды. Бірақ мұндағы құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген адам да жоқ», - дейді Дәурен Баймұратов.

Айтуынша, ипотекаға алған пәтері үшін ай сайын 120 мың теңге төлеп отыр.

«Оған қоса пәтер жалдап тұрып жатырмын. Неге мен біреудің кесірінен екі есе шығындалуым керек? Іске құзырлы орган өкілдерінің араласуын сұраймыз. Тексеріс жүргізіп, кінәлі тұлғаларды анықтап, жауапқа тартуы қажет. Мердігер компания жұмысын дер кезінде істемесе, оны сотқа берсін», - дейді ер адам.

Тұрғын үйдің құрылысын «Альфа-Север» ЖШС жергілікті компания жүргізген. Жоба құны шамамен 750 миллион теңге.

Үйге инженерлік желіні тарту бөлек жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр.

«Мұнда 67 пәтер бар. Оның барлығы сатылды. Азаматтардың бәрінің құжаты дұрыс. Әділет департаментінде тіркелді. Өзімнің жұмысымды толық атқардым. Қателеспесем бұл маңда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлер де бар. Сондықтан инженерлік желілер сол үйлердің барлығына бірден тартылуы керек. Алайда конкурсты ұтып алған мердігер бұл жұмыстарға тек тамыздың соңында ғана кірісті. Жұмыстың тек 20%-ы ғана атқарылды», - деді «Альфа-Север» ЖШС директоры Андрей Капустин.

ҚАРАША СОҢЫНА ДЕЙІН ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕР ТАРТЫЛАДЫ

Қалалық әкімдік өкілдері кеткен кемшіліктерді мойындап отыр. Сондықтан тұрғындарға келер айдың соңына дейін барлық олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.

«Бұл аумаққа инженерлік желілерді тарту үшін конкурсты «Энерджи –Тараз» ЖШС ұтып алды. Келісім бойынша олар қараша соңына дейін барлық шаруаны атқарып үлгеруге тиіс. Уақытында үлгермесе, шағым түсіреміз. Тіпті айыппұл салынуы мүмкін. Мердігер ауланы абаттандыру жұмыстарына биыл үлгермейді. Күн суытты, бірнеше аптада қар жауады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жұмыстар келер жылға қалды», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Оның сөзінше, жақында «Қызылжар Су» кәсіпорны тұрғын үйге су қосады.

«Жылуға келсек, «Петропавл жылу желілері» компаниясымен жақында ғана арнайы келісімшарт жасалды. Одан бөлек мердігер өз қаржысына уақытша қазандық орнатты. Сондықтан қарашада жылу да беріледі деген жоспар бар. Ал кәріз жүйесінің құрылысы енді басталып жатыр. Келер айының соңында проблема толық шешіледі»,- дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Айта кетейік, Петропавлда 14 мыңнна астам адам қалалық әкімдікте үй кезегінде тұр.