×

«Не депутат жоқ, не әкім келмейді». Қарағанды билігі жұртты жайылымсыз қалдырған

Көпір салу мәселесі қаланың құрылыс жоспарында жоқ

 Еркеғали Болатұлы 28.10.2022 | 11:56
фото: ашық дереккөз

Тұрғындарды су тасқынынан қорғамақ болған Қарағанды билігі қала шетіндегі жұртты жайылымнан қақты. Жылда арнасынан асатын Соланка өзені биыл тереңдетілген. Алайда жер үйлер мен мал жаятын жерді бөліп тұрған өзенге өткел салынбапты. Енді тұрғындар төрт түлігін өріске шығара алмай дал.

Осы жерден басқа мал өтетін жер жоқ. Қазып жатыр. Енді көктемге қарай бұл жерді су басады, мал өте алмайды. Жерге тас төсеп, мал өтетін жол саламыз деген. Жасаған жоқ. Әкімдер осы ауылдың барын білмейді де ғой деймін. Бізде не депутат жоқ, не әкім келмейді, - деді Елеусіз Түсіпбаев атты тұрғын, КТК телеарнасына берген сұхбатында.

Қала шетіндегі Рабочий кентінің тұрғындары көктемде қызыл судан зардап шегеді. Сондықтан биыл өзен арнасын тереңдету жұмысы жүргізілген. Енді қала іргесіндегі 600-ге тарта үйдің қорадағы малын өзеннен өткізе алмай қалатын түрі бар. Қысқа дейін ғана амалдауға болады.

Бұл жұмысқа тапсырыс беруші – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Олар тек өзенді тереңдетумен ғана айналыстық, көпір салу құзыретімізге кірмейді дейді. Тұрғындар жергілікті билікке де талай арызданған. Бірақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі көпір салу мәселесі қаланың құрылыс жоспарында жоқ екенін алға тартып отыр.

Өзеннен өтетін көпір қаланың нақты жоспарында жоқ. Тиісінше, ол нысан ешкімнің балансына алынбайды. Ал жоспарда көрсетілмеген жерден көпір салуға бюджет ақша бөлмейді.

Мүмкін сәулет бөлімі, жер қатыныстары бөлімімен бірлесіп, сол жерге шығып тексеріс, геология жұмысын жүргізуі керек шығар. Бірақ бұл бірер ай немесе жылдың шаруасы емес», - дейді қалалық комуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жалғасбек Қаппасов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама