Ақтөбелік кәсіпкер туған ауылын сақтап қалуға тырысып жатыр

Еркеғали Болатұлы

Ол өз қаражатына салған 40 орындық бастауыш мектепте 13 бала ғана оқиды

фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысында жеке кәсіпкер Жұмабай Бекмағамбетов қазақстандықтарды туған ауылынан көшпей, елді мекендердің жойылып кетуінен сақтануға шақырды. Ол тіпті өз ауылдастарына баспана мен мал, жұмыс орындарын ұсынды деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Бүгінде Хромтау ауданындағы Қарлау ауылының 150 тұрғыны бар. Ол – Жұмабай Бекмағамбетовтің туып-өскен жері. Сонда отбасын құрып, сүйікті ісін дамытқан. Өткен жылы ол өз қаражатына бастауыш мектеп салып, жеткілікті түрде мұғалімдерді жұмысқа алған. Дегенмен 40 орынға есептелген білім ошағында 13 бала ғана білім алып жатыр екен.

Мектеп директоры Алмагүл Бекмағамбетованың айтуынша, оқимын деушілерді мектеп қабылдауға дайын. Директор бала саны көп болса, білім бәйгесінде бәсекелестіктің де күшейе түсетінін алға тартады.

Сондай-ақ шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Бекмағамбетовтің өзі еңбекке жарамды ерлерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытып, тұрақты табыспен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.

Басты мақсатым – осы ауылым Қарлауды жойылып кетуден сақтау. Өйткені болашағы бар мекен. Қалада пәтерден пәтерге көшіп, қиналғанша, бізге келуге шақырамын.

Алғаш тілек білдіріп, келгендерге бос үй алып беруге дайынмын. Өз атымнан сиыр мен 10 бас қой беремін. Ал келесі жылы үй салуды қолға алмақпын», – деді Жұмабай Бекмағамбетов.