×

АӘК үшін әйелдерден ақша жинаған жетісайлық көпбалалы ана: «Әкімнің келіні де сотталсын»

Жетісайда 60 әйел атаулы әлеуметтік көмек алу үшін пара берген

Коллаж: Халық үні

Түркістан облысы Жетісай қаласында тұратын көпбалалы ана Динара Қазыбекова үш жылға сотталды. Ол бұған қала әкімі Тұрышбек Елшібаевтың келінін кінәлап отыр.

Әйелдің айтуынша, 2021 жылдың наурызында үйіне әкімнің келіні Ақбота Сартаева келген. Ол Жетісай қаласында «Халықты жұмыспен қамту» орталығында жұмыс істейді. Сартаева атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беру бөлімінде қызмет атқаратынын айтып, көпбалалы анаға ұсыныс жасаған.

«Менің үйде отырғанымды, көпбалалы ана екенімді айтып, өзім сияқты әйелдерге мемлекет тарапынан берілетін АӘК пен қайтарымсыз грантты алуға көмектесетінін айтты. Өздерінің тікелей жұмыс істей алмайтынын, мен арқылы жұмыс істейтіндерін жеткізді. Талабы бойынша, екі тарапты бір-біріне таныстырмауым керек еді», - дейді Динара Қазыбекова.

Айтуынша, бастапқыда 20 әйел АӘК алу үшін 50 мың теңгеден берген. Олар еш қиындықсыз 180 мың теңгеден алған. Содан кейін жергілікті тұрғындардың сенімі артып, 50-150 мың теңге аралығында ақша берген.

Бірі атаулы әлеуметтік көмек алу үшін, енді бір бөлігі қайтарымсыз грант алу үшін ақша берген.

Көршілеріме айттым. Бәрі құжатын өткізді. 20 әйелдің ішінде 180-230 мың теңгеге дейін алғандар бар. Кейін олар өз таныстарын шақырды. Жалпы 60 адам болды. Бірақ кейінгілерге ақша шықпады. Олар күнде келіп, мені мазалап жүр, - дейді әйел.

Динара Қазыбекованың айтуынша, Жетісайда АӘК-ті тегін алу мүмкін емес. Мемлекеттен көмек алғанның барлығының жағдайы жақсы, ал мұқтаж отбасының қолы жетпей отыр.

Жетісайда ақша берсең, аласың. Ақша бермесең, мемлекеттік көмек те жоқ. Табысты дұрыс есептемейді. Қайтарымсыз грантты да барлығы ақша беріп алады. Мұқтаж отбасылар ала алмайды. Ал үйінде қос-қос көлігі бар адамдарға береді. Мен көмектескен адамдардың да жағдайы жақсы, - дейді жеті баланың анасы.

Сотқа Динара Қазыбекованың үстінен пара берген әйелдер арыз жазған.

«Күйеуімнің екінші топтағы мүгедектігі бар. Жеті баланың анасымын. Амалым болмаған соң туыстарымнан ақша жинап, 5 миллион теңгесінен құтылдым. Өзім қайтарымсыз грант ала алмадым. Ақбота Сартаеваның үстінен арыз жаздым. Бірақ сотта жеңілдім. Алаяқтық бабы бойынша іс қозғалған еді. Ортада ақшаны жинап бергенім үшін мен сотталып жатырмын. Менікі де дұрыс емес шығар. Іс менің мойныма ілініп кетті», - дейді әйел.

37 жастағы әйелдің тұңғышы 14 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық. Өз кінәсін мойындамайтынын айтқан келіншек, қала әкімінің келіні де жазасын өтеуге тиіс екенін жеткізді. Айтуынша, ортада делдал болып табыс таппаған.

Мені түрмеге қамаса, балаларымды қайда тастаймын? (...) Адам жинап бергенім үшін мен қамалып, ақшасын алғандар бостандықта жүреді екен. Әділдік жоқ қой, - дейді ол.

Әйел Ақбота Сартаеваның да сотталуын сұрап отыр.

ЖЕТІСАЙ ӘКІМІ НЕ ДЕЙДІ?

Мәселенің мән-жайын білу үшін Жетісай қаласы әкімінің келіні Ақбота Сартаеваға хабарластық. Алайда қалалық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының бас маманымен сөйлесе алмадық. Ал Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Елшібаев осы даудың салдарынан ұлы мен келінінің ажырасып кете жаздағанын айтты.

«Бұл даудың шыққанына бір жыл болды. Сот 2022 жылдың 14 қазанында үкім шығарды. Үстінен үш жәбірленуші арыз жазған Динара Қазыбекова үш жылға бас бостандығынан айрылды. Ал менің келінім бұл сотқа айыпталушы емес, куәгер ретінде қатысты. Динара жеті баланың анасы әрі аяғы ауыр болғандықтан шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Осы жағдайға байланысты ұлым мен келінім ажырасып кете жаздады»,- дейді Тұрышбек Елшібаев.

Жетісай қаласының әкімі атына кір келтіргені үшін Динара Қазыбекованы сотқа беретінін айтты.

«Келінімнен сұрасам, ештеңе алмағанын айтты. Бәрінің артында бір адам тұрған сияқты. Себебі бұл жерде менің атыма кір келді. Істің ақ-қарасы анықталды. Динара Қазыбекова заң аясында жауап береді, атыма кір келтіргені үшін моральдық-материалдық шығын өтейді», - дейді Түркістан облысы Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Елшібаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама