«Қайрат» футбол клубына қатысты соттың шешімін күтіп отырмыз – Досаев

Дастан Жұмабекұлы

Команда қаланың балансына өткеннен кейін барлық мәселе шешіледі

фото: fckairat.com

«Қайрат» футбол клубы Алматы қаласы әкімдігінің меншігіне берілуі мүмкін. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты. Қала әкімі «Қайрат» футбол клубының әлі жекеменшікте екенін, әкімдік команданың қала балансына өтуін күтіп отырғанын жеткізді.

«Қайрат» жекеменшікте болғандықтан, шешімін күтіп отырмыз. Қаланың балансына өткеннен кейін барлық мәселені шешеміз. Қазір «Қайрат» – жекеменшік клуб. Ол әлі қала әкімдігінің балансына берілген жоқ. Бізге берілген соң қала көмектеседі. Сот шешім шығарсын», - деді Алматы қаласының әкімі.

Еске сала кетсек, бұған дейін БАҚ-та «бизнесмен Қайрат Боранбаев «Қайрат» футбол клубын барлық инфрақұрылымымен Алматы әкімдігіне берді» деген ақпарат тараған еді. Содан кейін «Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.