×

Алматы әкімдігі «Алматы ИнжСтрой» компаниясын жауапқа тартпақ

Тиісті материалдар қылмыстық іс қозғау үшін заң қорғау органдарына берілді

 Динара Амантай 27.10.2022 | 11:10
Фото: ашық дереккөз

Алматыда «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын сусыз қалдырған мердігер компанияны жауапқа тарту үшін қала әкімдігі заң органдарына жүгінді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала басшысының айтуынша, магистралды су құбырындағы тұрақты авариялардың салдарынан «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ауыз сусыз қалған. Алайда мәселенің тамыры тереңде жатқан көрінеді.

2019 жылы мердігер ұйым «Алматы ИнжСтрой» жаңа су құбыр желілерін жүргізу кезінде болат құбырларды диаметрі 600 миллиметр (ұзындығы 5 км) шыны-пластик құбырға ауыстырған. Осыдан соң су желісінде апатты жағдайлар көбейіп кетті. 2019 жылдан бастап бұл учаскеде 28 апат тіркелді (биыл 15 апат). Аталған мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімдігі уақытша су құбырын жүргізу туралы шешім қабылдады, – деді Ерболат Досаев.

Бұл ретте қала әкімінің тапсырмасымен 19 қазанда мердігер ұйым Qazaq Stroy «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенін тұрақты сумен жабдықтау үшін ұзындығы 400 метр, диаметрі 325 миллиметр уақытша су құбырын жүргізуге кірісті. Жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Бұл мақсатқа Алматы қаласы әкімдігінің резервінен 102 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ мердігер ұйым «Алматы ИнжСтройға» қатысты тиісті материалдар қылмыстық іс қозғау үшін заң қорғау органдарына берілді,  – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама