Шымкенттіктер тұрғын үйге ақпаннан бастап қоныстанған
Шымкентте «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің төбесі құлап жатыр. Тұран шағын ауданындағы 9-қабатты үйге тұрғындар 2022 жылдың ақпанынан бастап қоныстанған.
Halyq Uni тілшісі тұрғындардың мәселесін тыңдап қайтты.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алған тұрғындар көшіп келген күннен бастап қиындыққа тап болған. Алдымен жылу мен кәріз жүйесі істен шыққан, үйдің ішін су басқан. Жаңбыр жауған кезде терезеден үйдің ішіне су кіретін болған.
«Бұл үйге осы жылдың ақпанында көшіп келдік. Көрген күніміз осы. Құлайды, қирайды. Мердігерге қабырғасы құлап жатқанын бірнеше рет айттым. Әне істейміз, міне істейміз деп жүр. Көшіп келгеннен кейін бір ай өткенде асхананың төбесі құлады. Сол кезде тамақ істеп тұрғанмын. Қазанның қақпағаны ашқан кезде үстіме құлады. Балалардың бөлмесіндегі төбе кешкі 7-8 шамасында құлады. Бала-шаға ойнайтын бөлме ғой. Балалар қашып үлгерді. Үстіне құласа, не боларын білмеймін», - дейді Шымкент тұрғыны Мәдина Байсариева.
Ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған Мәдина Байсариева пәтерді ипотекаға рәсімдеген. Айына 100 мың теңгеге жуық қаражат төлейді.
«Айына жүз мың теңгеге жуық қаржы төлейміз. 15 жылға рәсімдедік. Бастапқы жарна ретінде 1,2 миллион теңге төледік. Үйді ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырғандықтан, қызымның атына алдым. Қолжетімді баспана дейді, ешқандай да қолжетімді емес. Екі бөлмелі пәтерді 12,9 миллион теңгеге алдым. Үйдің ақшасына сапасы сай келмейді. Үйдің жөндейтін жері көп. Түртіп қалсаң, қабырғасы құлайды. Жылуды әрең қосты. Оның өзі арасында өшіп қалады», - дейді әйел.
«Шаңырақ» бағдарламасы арқылы берілген үйде көпбалалы және ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар тұрады. Сондай-ақ жалғызбасты аналар да бар. Олардың әрқайсысы кемі 10-11 жыл үй кезегінде тұрған.
«Үйде болмаған кезде апат бола ма деп қорқамыз. Үйден шыға алмай қалдық. Баспалдақпен түсу де қорқынышты. Барлығы қозғалып тұрады. Бұл үйді қандай оймен салғанын білмеймін. Бұл жерде тегін тұрып жатқан жоқпыз. Ай сайын 100 мың теңге төлеп тұру да оңай емес. Пәтердің ақшасын төлеу үшін екі жерде жұмыс істеймін», - дейді шымкенттік Айгерім Оразбаева.
Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы берілген үйді бір апта ішінде қалпына келтіруге болатынын айтады.
«Мердігерге тапсырма береміз. Жұмыс істеледі. Түгел қалпына келтіреміз. Бұл жерде ешкім жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Бір аптаның ішінде толық бітеді. Ол үйлердің терезесін жөндейміз. Қалған жұмыс күн жылыған кезде істеледі», - дейді Құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген үйдің кемшілігі мұнымен бітпейді. Тұрғындар сөзінше, жертөлеге лас су жиналады. Ал мердігер мәселенің себебін емес, тек салдарымен күресіп жатыр.
Айта кетейік, қолданысқа берілгеніне жыл болмаған бұл тұрғын үйдің кепілдік мерзімі – 5 жыл.