Елордада полицейлер мас жүргізушіні қуып жүріп ұстады (ВИДЕО)
Мультитесттен өту кезінде оның марихуана қолданғаны анықталды
Елордада полицейлер мас жүргізушіні қуып жүріп ұстады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кешкі уақытта Range Rover автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, елорданың жолдарында апаттық жағдайлар туғызған. Ол жоғары жылдамдықпен бағдаршамның қызыл белгісіне екі рет өтіп, автобус жолағына шығып кеткен. Бұған қоса полицейлердің тоқтау туралы талаптарын елемеген. Тәртіп бұзушы Республика даңғылындағы көліктердің кептелісіне барып тірелгенде ұсталды.
Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші көлікті «жеңіл дәрежедегі» мас күйінде басқарған. Сонымен қатар мультитесттен өту кезінде марихуана қолданғаны анықталды.
Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен бірге бұған дейін 2020 жылы 33 жастағы жүргізушінің мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік құралын 7 жылға басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Қазір құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша («Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде көлік құралын басқару») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол ПД-ның Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.