Halyq Uni логотип
×

Оралдық кәсіпкерлер балабақшаны сақтап қалу үшін көлігін, пәтерін сатуға мәжбүр

Облыстық білім басқармасы 14 балабақшаға 252 миллион теңге берешек

 Еркеғали Болатұлы 27.10.2022 | 10:12
Оралдық кәсіпкерлер балабақшаны сақтап қалу үшін көлігін, пәтерін сатуға мәжбүр
фото: ашық дереккөз

Оралда жеке балабақшалар жабылып қалуы мүмкін. Өйткені мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттен берілетін субсидияны ала алмай жүр. Егер олар жабылса, жүздеген адам жұмыссыз қалып, мыңға жуық бүлдіршін үйде отырады деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Биыл Орал қаласында мектепке дейінгі 14 ұйым жаңадан ашылған. Олардың ішінде мүгедек балаларды тәрбиелейтін инклюзивті балабақша бар. Өңірдегі бұл жалғыз арнайы балабақша да әлі ақшасыз отыр.

Былтыр осы биылға артығымен 10 балабақша ашылады деген жоспар болды. Бірақ қазір 12 балабақша ашылып отыр. Біреуміз де мемлекеттік қаржыландыру конкурсына түсіп жатқан жоқпыз. Сонда анау артығымен бөлінген 10 балабақшаның ақшасы қайда кетті? Ай сайын республикалық бюджеттен біздің облысқа 500 балаға қаражат бөлінеді. Оны да кім алып отыр сонда? - дейді балабақша директоры Гүлнұр Төлеген.

Бүгінде облыстық білім басқармасы 14 балабақшаға 252 миллион теңге берешек. Бұл қаржының қашан төленері әзірге белгісіз. Ал кәсіпкерлер шашетектен шығынға баттық дейді.

Кейбір әріптестеріміз арендасын, жалақысын жауып, балабақшаны сақтап қалу үшін көлігін, пәтерін сатуға мәжбүр болып отыр. Бұлай жалғаса беретін болса, мемлекеттен қолдау болмаса, біз жабылудың аз-ақ алдындамыз, - дейді тағы бір балабақша директоры Айдана Бергенәлиева.

Жеке балабақшаларда жүздеген адам жұмыс істейді. Егер мекеме жабылса, олар жұмыссыз қалып, сәбилердің де үйінде отыратыны анық. Бірақ облыстық білім басқармасы биыл бұл мекемелерге көк тиын төлемейміз дейді.

Облыстық сессияның шешімімен жаңадан ашылған жеке балабақшалардың осы жылға бюджеті қарастырылмаған. Келесі жылы қарастырамыз деген ойдамыз. Себебі жыл сайын жеке балабақшалардың саны көбейіп жатыр. Әр жеке балабақшаны ашқан кезде кәсіпкер өзінің тәуекелдерін ойлап, қарастыруы қажет деп ойлаймын, - дейді БҚО білім басқаромасының бөлім басшысы Клара Меңдіғалиева.

Жалпы, облыста мектепке дейінгі 521 ұйым бар екен. Соның 109-ы – жеке меншік. Онда 30 мыңдай бала тәрбиеленіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама