Ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары 3 жылға созылуы мүмкін
Жетісу облысында бір ауылдың тұрғындары сапалы ауыз суға зәру. Кербұлақ ауданына қарасты Қарымсақ ауылы тұрғындары суды көше бойындағы тозығы жеткен ескі құбырдан алып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
25-30 литр ыдысты толтыруға 2-3 сағат уақыт кетеді. Күнделікті тұрмысқа қажетті суды да осы жерден аламыз. Кейде ішінен түрлі құрт шығады. Оны қайнатып қана ішеміз, - дейді ауыл тұрғыны Қайрат Жаманбаланов.
Ауыл тұрғындары балалар түрлі ішек ауруына шалдығуы мүмкін екенін айтып, алаңдап отыр.
Ауылда жүзден аса отбасы бар. ол жерден 530-ға жуық адам тұрады. Олар қазірге дейін бірнеше рет жергілікті әкімдікке барып, мәселені шешуді сұраған.
«Әкімдік өкілдері мәселені шешудің жолын қарастырып жатыр. Ең бастысы, ауылға сапалы ауыз су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Құжат қарашада дайын болады, іске асыру үшін қаржы бөлінеді деп жоспарланған», - дейді ауыл әкімі Самат Исабаев.
2023 жылы сараптама жүргізіледі. Одан кейін бюджеттен қаржы бөлінген соң жұмыс басталады.
Жергілікті билік Қарымсақ ауылына ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары 3 жылға дейін созылатынын айтты.
Әмина Құдайберген, Жетісу облысы