Ер адам жоғары қабаттан құлаған: Петропавл полициясы оқиғаның мән-жайын айтты
Оқиға 15 қазанда болған
Петропавл қаласы полициясы жоғары қабаттан құлап кеткен ер адамның кім екенін анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде бірнеше күн бұрын видео тарады. Ол жерде ер адамның жоғары қабаттан құлап кеткен сәті түсірілген.
Полиция ақпаратына сәйкес, оқиға 15 қазанда болған.
Ғабит Мүсірепов ауданынан Петропавлға келген 38 жастағы азамат пәтер жалдаған. Артынша жалғыз өзі ішімдік ішіп, балконға шыққан. Сол кезде тепе-теңдік сақтай алмай, көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан құлап кеткен. Біраздан кейін есін жинаған.
Ер адамның бір күннен кейін өзі тұратын ауданға кеткені белгілі.
«Аталған жайтқа байланысты учаскелік инспектор мен криминалдық полиция басқармасының өкілдері арнайы тексеріс жүргізді. Азаматтың Володарское ауылының тұрғыны екені анықталды. Ол облыс орталығына бұрынғы әйелі мен балаларын көруге келген. Кездесуден кейін жалғыз өзі ішімдік ішкен. Темекі тарту үшін балконға шыққан, артынша құлап кеткен», - деді жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Сейілбек Елжасов.
Ер адам зардап шекпеген. Ол медициналық көмек пен полицияға жүгінбеген.