×

Қазақ халқының брендіне айналған Қостанай жылқылары жойылудың алдында тұр

44 мыңнан 250 бас қана қалды

 Ая Өміртай 26.10.2022 | 17:06
Фото: Halyq Uni

«70 жылдан астам тарихы бар Қостанай жылқыларының тағдыры қыл үстінде тұр». Осылай деген зауыт қызметкерлері осы зауыттың құрылуына бастау болған Қостанай жылқыларын аман алып қалу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қостанай жылқы зауытында 20 жылдам астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан бас ветеринар Людмила Дрейфельд басылымымызға Қостанай жылқыларының не себепті жойылып бара жатқанын, қаржыландыру тоқтаған қауқарсыз зауыттың қалт-құлт еткен бүгінгі жағдайы туралы әңгімелеп берді. Ветеринардың айтуынша, 1991 жылы саны 44 мыңнан асатын Қостанай жылқысынан бүгінде Қазақстан бойынша бар болғаны 250 бас қалған.

«Қостанай жылқы зауытының негізі 1888 жылы құрылды. Биыл осы бір тарихи зауыттың құрылғанына 134 жыл толып отыр. Қостанай жылқыларының басты ерекшелігі – тұрпаты келіскен әрі сүйекті келеді. Олардың мінезі салмақты, жүріске бейім, алғырлығы және төзімді. 2011 жылғы санақ бойынша Қостанай жылқысының саны 384 бас болды. Бүгінде мұнда нәбәрі 55 бас жылқы ғана қалған. Олардың екеуі айғыр, он шақты ұрғашы жылқы, қалғандары тай-құлын», – деді зауыттың бас ветеринары Людмила Дрейфельд.

Айта кетерлігі, зауыт 2000 жылы Үкімет қаулысымен «Қазақ тұлпары» МКҚК мәртебесін алып, атауы өзгерді.

Қостанай жылқысы – Қазақстанның Қостанай, Майкөл және Ресейдің Троицк жылқы зауыттарында қазақ жылқысының биесін қалмақ, дон, стрелец, орлов-растопчин, ағылшын-араб, таза қанды салт мініс жылқыларының айғырларымен зауыттық будандастыру нәтижесінде шығарылды. Жеке тұқым ретінде 1951 жылы тіркелген. Маман Қостанай жылқыларының азайып кетуінің бір себебі ретінде шаруашылықтың өз ішінде тәртіптің болмауымен байланыстырды. Сонымен бірге қаржыландыру аз, зауыт пен мамандар тапшы.

2011 жылы Қостанай жылқыларына жұқпалы ауру тарады. Астанада қан тапсырған соң, жылқының жұқпалы анемиясы екені анықталды. Осыдан соң жылқылардың саны күрт азайып, қазір Қазақстан бойынша 250-дей жылқы ғана қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын зауыттың қаржыландырылуы өте төмен деңгейде, тіптен тоқтаған десек те болады. Осыдан он жыл бұрын жүзден астам қызметкер жұмыс істейтін еді, қазір содан 12 адам ғана қалды. Өзім 2 мыңыншы жылдардан бері осы зауытта жұмыс істеп келемін. Қазір мұнда осы зауыттың келешегі үшін бей-жай қарай алмайтын, шын жанашыр мамандар ғана қалды. Өйткені олар бір ғасырдан астам тарихы бар зауыттың құрдымға кеткенін қаламайды, – деген маман зауыттың ендігі келешегі тек президент деңейінде ғана шешілетіндігін атап өтті.

Ол зауыттың бұрынғыдай Президент әкімшілігінің қарамағына берілсе деген әріптестерінің талап-тілегін жеткізді.

«Осы зауыттың барлық қызметкерлері президент Қасым-Жомарт Кемелұлына үндеу жолдағымыз келеді. Біз Қостанай жылқы зауытының тікелей Президент кеңсесіне қарауын сұраймыз. Сонда ғана зауытты дамыту үшін ай сайын жеткілікті деңгейде субсидия бөлінер еді. Тек осылай ғана Қостанай жылқыларын аман алып қаламыз. Мынаны білейік, қазақ – жылқымен бірге жаралған халық. Сондықтан Қостанай жылқысын сақтап қалу – қазақ халқының қолында. Қостанай жылқылары – өте бағалы тұқым. Айттым ғой, тұрпаты да өте әдемі жылқы. Мен жылқы шаруашылығы саласында ұзақ жылдан бері жұмыс істей келе түсінгенім, Қостанай жылқысы ешқандай тұқымнан кем түспейді», – дейді Людмила Дрейфельд.

Қостанай жылқы зауыты – Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік жылқы зауыты. Тұрақты қаржыландырудың болмауынан зауыттың жабдықтары ескіріп, зертханасы жабылудың аз-ақ алдында. Маманның айтуынша, қазір зауытта іріктелген, таңдаулы жылқылар ғана қалған.

«Зауытта Қазақстан бойынша тұңғыш рет ашылған қолдан ұрықтандыру бөлімі бар. Біз кезінде осы бөлімнің алғашқы қызметкерлері болдық. Жабдықтары өте қымбат болғандықтан зертхана жұмысы тоқтап тұр. Өйткені мамандар да жоқ, жабдықтар да жоқ. Жылқы малын күтіп-баптау үшін арнайы орын керек. Оның құрғақ әрі жылы болғаны маңызды. Біз жылқыларды жүрегі тоқтап қалмайынша емдей аламыз. Сондықтан жылқыға тек ет ретінде қарау – өте дұрыс емес. Айлық төмен, мысалы директордың айлығы 150 мың теңгенің маңайында. Жылқы басын көбейту үшін қаржыландыру мүлдем қарастырылмаған. Егер дәл бүгін Қостанай жылқыларының келешегі туралы айтпайтын болсақ, біржола айырыламыз. Ешқашан қайта тірілте алмаймыз. Осы қазір қолда бар елу басты алақанға салып, өсіруіміз қажет», – деді бас ветеринар.

Маман Қазақстанның бренді саналатын Қостанай жылқыларының өзіне тән түр-тұлғасы мен төзімділігін сақтап қалу үшін селекциялық қатаң іріктеуден өткізу керектігін айтады. Бұл орайда, білікті мамандарды жұмысқа тарту, қаржыландыруды ұлғайту, жылқы басын көбейту – Қостанай жылқы зауытының алдында тұрған кезек күттірмес мәселе болып отыр. ­

Серіктес жаңалықтары

Сараптама