Облыста тұрмыстық қалдық тастайын 335 жердің құжаты жоқ
Солтүстік Қазақстан облысында қоқыс тастайын орын көбейді. Оның басым бөлігінде экологиялық талаптар сақталмаған. Жергілікті экологтар осы жағдайды бақылауға алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Облыстың экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың айтуынша, биыл аймақта 50-ге жуық арнайы тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 100-ден аса түрлі заңбұзушылық анықталған. 47 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 22 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Сондай-ақ төрт ірі кәсіпорынның жұмысын тоқтату үшін сотқа талап арыз жолданған.
«Қызылжар тазалық» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Дегенмен олар анықталған олқылықтарды сол күйі жоймады. Бұл кәсіпорында қоқыс сұрыпталмайды. Мұнда полиэтилен, пластик, резеңке қалдықтары, шыны ыдыстар, тамақ қалдықтары, қағаз сынды тыйым салынған қоқыс түрлері тұрақты түрде қабылданып отырған. Әрі олар көмілмеген», - дейді Азамат Бектасов.
Айтуынша, қоқыс полигоны аумағында экологиялық талаптар сақталмаған.
«Кейде қалдықтар өртеніп жатады. Аумағы да қоршалмаған. Бұл өрескел бұзушылық саналады. Сондықтан бұл кәсіпорынның жұмысын уақытша тоқтату үшін арнайы материал жинақталды. Ол сотқа жолданды. Дегенмен сот біздің талабымызды тоқтатып тастады. Апелляцияға беру үшін шағым дайындадық», - дейді ол.
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қатты тұрмыстық қалдық тастайын 454 жер бар. Алайда оның 335-інде жер актісі әлі күнге ресімделмеген. Тек 12 полигонның рұқсат құжаттамасы талапқа сай. Алайда олар да экологиялық талаптарды сақтамай отыр. Сондықтан Петропавл қаласы шетінде орналасқан өңірдегі ең ірі қоқыс полигоны жұмысына шектеу қойылуы мүмкін. Ол үшін экология департаменті мамандары берген арызды сот қанағаттандыруы қажет.
Брифинг кезінде Азамат Бектасов Қызылжар ауданына қарасты Малое Белое ауылындағы жағдайға да тоқталды.
Мұнда кәсіпкер медициналық препараттарды жоюмен заңсыз айналысқаны белгілі.
«СКО Фармация Экомед.kz» ЖШС-ға жазда жергілікті тұрғындар арызданған еді. Малое Белое ауылында орналасқан кәсіпорын медициналық қалдықтарды тұрақты түрде өртеп отырған. Салдарынан ауаға түрлі зиянды заттар тарап, халық уланған жағдай да тіркелді. Тексеру барысында материалдар жиналып, сараптама нәтижесі бойынша өндіріс орнының жұмысын тоқтату туралы сотқа талап арыз жолданды», - деді СҚО экология департаменті басшысы.
Экология кодексіне сәйкес, медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатын кәсіпорынның арнайы лицензиясы болуы қажет. Ал бұл кәсіпорынның мұндай құжаты жоқ екені анықталды.
Бұл материал да соттың қарауына ұсынылған. Сот «СКО Фармация Экомед.kz» ЖШС лицензия алғанша қызметін тоқтата тұру туралы шешім шығарды.
Облыста қалдықтарды өңдеу мәселесі де экологтар назарында. Бұл бағытта 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жаппай жабылып жатыр, себебі мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге субсидия қарастырылмаған. Бұл мәселе жергілікті атқарушы билік пен экология министрлігі арасында талқыланады.