×

Әскери борышын өтегендер ЖОО-да тегін оқиды - министрдің жауабы

Грант тек ҰБТ нәтижесі бойынша беріледі

 Дәурен Ерболат 26.10.2022 | 16:04
фото: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда әскери борышын өтегендер ҰБТ тапсырмай-ақ университетте тегін оқи алады деген ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір Қорғаныс министрлігі бізге Қарулы күштерде өз борышын өтеген азаматтар жоғары оқу орындарында ҰБТ-ны тапсырмай, конкурстан тыс оқуға түсуге мүмкіндік берілсін деген бастамамен шықты. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бастаманы қолдап, нәтижесінде 44 жоғары оқу орнымен арнайы келісімшартқа қол қойылды, - деді министр. 

Саясат Нұрбек отан алдындағы борышын өтегендер ЖОО-да тегін оқи алмайтынын жеткізді. Алайда грантты жеке университет беруі мүмкін.

Біріншіден, бұл азаматтар грантта оқи алмайды. Неге? Себебі заң бойынша грант тек ҰБТ нәтижесі бойынша беріледі. Екіншіден, бұл азаматтар (университетте – автор) ақылы түрде оқи алады. Үшіншіден, жоғарыда келісімшартқа қол қойған жоғары оқу орындарының бәрі – мықты мемлекеттік немесе ірі жеке меншік университеттер. Олардың ішкі қаражаты есебінен арнайы квота арқылы бұл азаматтарды оқытуға мүмкіндік беріледі. Бұл шешімді тек жоғары оқу орындары жеке қабылдайды, - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр әскерде жақсы нәтиже көрсеткен сарбаздарға ЖОО есебінен тегін жоғары білім алуға мүмкіндік берілетінін атап өтті.

«Қарулы күштерде, әскери қызметте жоғары нәтиже көрсеткен азаматтарға (университетте тегін оқуға, – автор) мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ олар шығармашылық конкурстан өтіп, соның нәтижесі арқылы оқуға қабылданады», - деп түйіндеді сөзін Саясат Нұрбек.

Еске сала кетсек, Қорғаныс министрлігі әскери борышын өтегендер ҰБТ-сыз университетте тегін оқи алатынын хабарлаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама