Астанада көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Дәурен Ерболат

Тұрғын үй кешені Жағалау шағын ауданында орналасқан

Фото: Instagram/altay_kulginov_official

Елордада үй кезегінде тұрғындар баспаналы болды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram-да жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Республика күніне орай кезекте тұрғандарға көптен күткен баспана кілтін табыс еттік. Қоныс тойын тойлап жатқандардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және тағы басқалары бар, - деді Астана қаласының әкімі.

Оның айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға баспана кілтін беру жұмысы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Отбасы банкімен бірлесіп, жүзеге асырылған.

«Тұрғын үй кешені құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан ауданда (Жағалау шағын ауданы, Е-20 көшесі) орналасты. Бұл маңайда жақында 4 мың оқушыға арналған 2 ауысымды мектеп аштық. Онда өзге де әлеуметтік нысандар бар. Көктемде ауданды абаттандыру әрі әлеуметтік нысандар салу жұмысын ары қарай жалғастырамыз», - деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ ол баспаналы болған астаналықтарға ізгі тілегін айтты.

Пәтер иелерін көптен күткен қоныс тойымен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыздан шаттық, босағаларыңыздан бақыт кетпесін! Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт, табыс және амандық тілеймін, - деді әкім.