Республика күні 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды
25 қазан – Республика күні. Бұл күн 13 жылдан кейін Ұлттық мереке болып оралды. Мерекеге орай Halyq Uni бұл датаға қатысты деректерді жинақтады.
ЕГЕМЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ҚАБЫЛДАНҒАН КҮН
1990 жылдың 25 қазанында Совет одағы құрамындағы Қазақ советтік социалистік республикасының (Қазақ ССР-і) «Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданды. Қазақ ССР жоғары кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжатта республиканың мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің тарихы баяндалған.
Құжатта ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету және дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылған.
«Республика аумағында тұратын азаматтарға КСРО Конституциясында және Қазақ КСР Конституциясында көзделген барлық құқық мен бостандық олардың ұлттық және партияға қатысты екеніне, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысы мен дініне, кәсібіне, тұрғылықты жеріне қарамастан кепілдік беріледі. Азаматтық және ұлттық теңдікке қол сұғу заңмен жазаланады», - делінген декларацияда.
Құжат бойынша президент республиканың басшысы болып табылады және жоғары әкімшілік-атқарушы билікке ие.
Жоғары сот билігі Қазақ КСР жоғарғы сотына тиесілі.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялады. Ал 25 қазан 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген.
25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІ
«Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 1995 жылдың 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – республика күні болып жарияланды.
Алайда алты жылдан кейін, 2001 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң қабылданғаннан кейін Республика күнінің мәртебесі мемлекеттік мерекеге өзгертілді.
2009 жылдың 22 сәуірінде бұл заңға өзгерістер енгізілді. Заң республика күнін мерекелеудің күшін жойды.
Осылайша 25 қазан 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде мерекеленді.
ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МЕРЕКЕНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Ұлттық мереке – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстанда белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді атап өту кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі.
Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстанның азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін.
ҚАЙТАДАН ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ БОЛДЫ
2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ал тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Тоқаев оған 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойды.
Заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.
Айта кетейік, биыл қазақстандықтар Республика күніне орай қатарынан 3 күн – 23, 24 және 25 қазан демалды.