Құқық қорғау органдары кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды
Қазір әлеуметтік желілерде 24-25 қазанда орталық алаңдарда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингтерге қатысу туралы хабарламалар тарап жатыр. Осы орайда Бас прокуратура бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтын арандатушылық екенін мәлімдеді.
Аталған күндері орталық алаңдарда қандай да бір митингтер өткізу келісілмеген. Тек Республика күнін мерекелеуге қатысты ресми мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Демек, жалған хабарлама арқылы акция ұйымдастыру және оларға қатысу заңсыз болып табылады.
Өкінішке қарай, қазір рұқсат етілмеген митингтерді немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібін бірнеше рет түсіндіруге қарамастан, тәртіпті бұзып жатқандар бар. Сәйкесінше, Заң талаптарын бұза отырып өткізілетін митингтерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (3-баптың 3-тармағы) заңсыз болып табылады және 25 тәулікке дейін қамаққа алумен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Мысалы, 15 қазанда Алматы қаласында заңсыз митингке қатысуға шақырған осындай үндеулер үшін А. есімді азаматқа сот ӘҚБтК 488-бабының 7-бөлігі бойынша 15 тәулікке қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза қолданған. Сондай-ақ осындай құқық бұзушылық үшін 12 қазанда Алматы облысында Д. Есімді азамат 15 тәулікке қамаққа алынған.
Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз, - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарының белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұғатын кез келген заң бұзушылықтардың жолын кесетінін және кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық шараларды қабылдайтынын ескертті.