Ол жердегі тас еденге баспен құлап, миы шайқалған
Павлодарлық блогер көпқабатты үйлердің бірінде еден жуушыны рұқсатсыз видеоға түсірмеуді өтінген 72 жастағы зейнеткерді соққыға жықты. Қазір жергілікті полиция осы іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Зейнеткердің немересінің айтуынша, әжесі кіреберістегі баспалдақтың жанында көршісімен сөйлесіп тұрған. Сол кезде бейтаныс әйел кіріп келіп, түрлі сөздер айтып, еден жуушыны видеоға түсіре бастаған.
Кейін көршіміз оны не мақсатпен бейнежазбаға түсіріп жатқанын сұрағанда ол өзін блогермін деп таныстырған. Кейін көршіміз бен әжем еден жуушының да оны танымайтынын біліп, әйелден түсірмеуін және кетуін сұраған. Ол шыққан соң артынан есікті жабайын деп менің әжем барған кезде, әйел әжемнің қолынан ұстап қалып, шашынан тартып, жерге лақтырған. Сол кезде ол жердегі тас еденге баспен құлап, миы шайқалған. Біз жедел жәрдем шақырып ауруханаға жеткіздік, - деді немересі Кристина Акулова.
Күдіктіні табу үшін бойжеткен Instagram-дағы бейнебақылау камерасына түскен видеоны жариялап, полицияға арыз жазған. Сондай-ақ сол жердің тұрғындары оған әлгі блогердің қашан көрсең де айналасын видеоға түсіріп жүретінін айтқан. Бір қызығы, ол үнемі көрген адамдарын түсіріп, агрессия танытады екен. Тіпті кейбір тұрғындар одан қорқатын да көрінеді. Кристина Акулова полициядан осы мәселені шешуді сұрады.
«Арыз Павлодар қалалық орталық полиция басқармасына тіркелді. Аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім шығарылады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.