Полиция арнайы техниканы таба алмаған
Текелі қаласының тұрғыны ұрланған автогрейдерді бөлшектеп, металға өткізіп жіберген деп хабарлады Polisia.kz.
20 қазанда қаланың полиция бөліміне жұмысын уақытша тоқтатқан компанияның басшылығы шағымданған. Арызда кәсіпорынға тиесілі техниканың ұрланғаны жазылған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Ол қараусыз қалған, жұмыс істемейтін автогрейдерді бірнеше бөлікке кесіп, оларды Талдықорғанда металл сынықтарын қабылдайтын жерге тапсырғанын айтқан. Ұрланған мүлік әлі табылмаған. Себебі металл сынықтары Алматы қаласына балқытуға жіберілген, - деп жазылған хабарламада.
Істі тергеу Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі («Ұрлық») бойынша жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты сотқа келуге міндетті процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.