×

«Қазақмыс» басшылығы Жошы ханның басында әулетіне мазар салып алған

Тарихи-мәдени кешеннің қасына мазар салу қаншалықты заңды?

 Ая Өміртай 22.10.2022 | 15:22
Коллаж: Halyq Uni

Ұлытау ауданындағы Жошы хан кесенесінің іргесінде соңғы жылдары зират көбейген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жошы хан мазары – Ұлытау облысы Жезқазған қаласынан 50 км жерде Қаракеңгір өзені бойында орын тепкен. Тарихи кесене басына сапар кезінде Жошының күмбезінен бұрын кейінгі салынған еңселі кесене бірден көзге түсетіндігіне өзіміз куә болдық.

Тілшілерді қарсы алып, жаңадан ашылған ғимарат ішін таныстырған «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің қызметкері Манат Айтбаев та мұны растап отыр. Ол тарихи кесене маңына жерлеу нысандарының салыну мәселесі біржақты шешім таппай отырғандығын жеткізді.

ҚОЛЫҢНАН КЕЛСЕ ЖОШЫНЫҢ ҚАСЫНА ЖАТ

Оның айтуынша, көзге бірінші түсетін сары кірпіштен соғылған еңселі кесене – «Қазақмыс» ЖШС қызметкерінің басына соғылған нысан екен.

«Жошы ханның кешеніне Жошы жатқан маңайдың қоршалған аумағы ғана кіреді. Мына қоршау сыртындағы үлкен кесене 1996 жылдары салынған, ол уақытта заң да жоқ, ештеңе де жоқ. Мынау тұрған үлкен кесенеде «Қазақмыс» компаниясының есепшісі болған Арғын Тәтішев жатыр, немересі де осында жерленген. Президенттің қатысуымен өткен құрылтай алдында тағы бір мазар салмақшы болған еді, мен қарсы болдым», – деп түсіндірді Манат Айтбаев. 

Кешен қызметкерінің айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауға сапарынан соң, кесене қасына тағы бір мазар соғылған. Онда «Қазақмыс» компаниясының қызметкері болған Арғын Тәтішевтің келіні жерленген. Яғни, тарихи ескерткіштің қасына жерлеу нысандарын салып жатқандар қарапайым тұрғындар емес, тірісінде қолында аз-кем билігі болғандардың дәмесінен туған идея болса керек.

МӘШҺҮР ЖҮСІП КЕСЕНЕСІНІҢ ҚОРҒАУ АЙМАҒЫ БЕЛГІЛЕНБЕГЕН

Бұл орайда Ұлттық музейдің Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының басшысы, РhD докторы Айбар Қасенәлі мәселенің алдын алу үшін алдымен қорғау аймағы нақты бекітілуі қажеттігін алға тартады. Ғалымның айтуынша, үлкен тарихи маңызы бар ескерткіштердің қасына жерлеу нысандарын салу Қазақстан бойынша ортақ мәселе көрінеді.

«Ең алдымен ескерткіш болғаннан кейін қорғау аймағы белгіленуі керек. Құрылыс салу, реттеу мәселесін жергілікті немесе мемлекеттік уәкілетті орган қарастырады. Бірақ ол құжатқа қарап жатқан адам жоқ, салып тастаған ескерткіштерді күреп тастай алмайды. Қатаң тыйым салуды керек етеді. Мұндай мәселе Түркістандағы Яссауи кесенесі мен Маңғыстаудағы тарихи ескерткіштер маңына да қатысты. Сол сияқты Мәшһүр Жүсіп кесенесінің де қорғау аймағы белгіленбеген. Бұл – Қазақстан бойынша ортақ мәселе, өзіміздің дүниетанымыз осыған әкеліп отыр», – дейді Айбар Қасенәлі.

Ол кесен мен кешен арасындағы байланысты біржақты етпейінше, аталған мәселеге тосқауыл қою мүмкін еместігін атап өтті.

Ортағасырлық ескерткіштер маңайын кейінгі тұрғындар жерлеу орнына айналдырды. Өзіміздің атамыздың, әулетіміздің жеріне жақын жатуы тиіс деген ой. Әр кешеннің маңына күзетші қоя алмайды. Кесен мен кешене арасындағы байланысты ажырату керек. Ал Жошы хан кесенесі Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғи мұражай қорығына, Жошы кешені жергілікті әкімдікке қарайды. Түсінбестік осы жерде болып тұр, – дейді Айбар Қасенәлі.

Halyq Uni тілшісі Жошы хан мазарының аумағына қайтыс болған адамдарды жерлеу қаншалықты заңды екенін және зират салуға рұқсатты қай мекеме беретіндігін сұрап, Мәдениет министрлігіне сауал жолдады .

Ведомстводан келген жауапта Алтын Орданың 750-жылдығы аясында бой көтерген Жошы хан кешені мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштері тізімінде жоқ екендігі айтылған.

«Ескерткіштің қорғау аймағында жаңа құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Ал ескерткіштің құрылысты реттеу аймағында жаңа құрылыстарды салу тарихи қалыптасқан ортасы бар жаңа құрылыстардың сәулеттік бірлігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс биіктігі, ені, сәулет шешімі, пайдаланылатын материалдар, түсті шешімдер, орналастыру қағидаты бойынша реттеледі. Тарих және мәдениет ескерткішінің құрылысын реттеу аймағында жол-көлік құрылысы шектеледі, өнеркәсіптік және қойма кәсіпорындарын орналастыруға тыйым салынады», – делінген ведомство жауабында.

Сондай-ақ министрлік жерлеу үшін жер телімін бөлу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататындығын атап өтті. Ал аталған аумақты пайдалану режімін бұзған жағдайда түрлі мөлшерде айыппұл қарастырылған.

Осы орайда, жерлеу үшін жер телімін бөлу жергілікті атқарушы органдардың құзыреті. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шегінде жерді пайдалану режимі бұзылған жағдайда, жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді, –  делінген ресми жауапта.

Halyq Uni тілшісі Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлынан аталған мәселе бойынша пікірін сұрап көрген. Ол сұраққа жауап беру жеке өзінің құзырына жатпайтындығын алға тартты.

«Жерлеу орындарына қай мекеме рұқсат беретіндігінен бейхабармын. Кесене маңы Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғи мұражай қорығына қарайтын болғандықтан, сұрақты тиісті әкімшілікке жолдауды сұраймын», – деді әкім орынбасары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығын өткізу мен Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысына айрықша мән берген болатын. Ал тарихи кесенеден таяқ тастам жердегі жағдайдың сиқы осындай – Жошының қасына зәулім кесене қойдырып, үрім-бұтағымен жатқысы келетіндердің дәмесінен тарихи-сәулет ескерткіштерінің маңы зиратқа айналып барады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама