Қарағандының орталық саябағында иттерге у тастап жүрген кім?
Удың күштілігі сонша, бір күшік қантты жәй иіскегеннің өзінде есінен танып қалған
Қарағандының орталық саябағында иттер уланып жатыр. Саябақ әкімшілігі жасыл желекке бала-шағасымен қыдыратындарға, әсіресе итін серуендететіндерге ескерту жасады.
Коммуналдық мекемедегілер бақ ішінен соңғы кездері кесек еттер, шұжық және шақпақ қантты жиі көре бастапты. Оның үстіне ақ түйіршектер себіледі екен.
Соның салдарынан саябақтағы серуеннен кейін итін ветеринарға апаратындар көбейген. Ал мамандар әзірге уланған иттердің санын айта алмай отыр. Олар саябақтан табылған улы өнімдерді жинағанда қолғап пен бетперде киіп жүр.
Табылған тағамдар бірден зертханалық сараптамаға жолданған. Сондай-ақ аябақ әкімшілігі мен еріктілер полицияға арыз дайындап жатыр.
«Удың күштілігі сонша, кеше бір күшік қантты жәй иіскегеннің өзінде есінен танып қалды. Біреулер оларға қарсы нағыз соғыс ашқандай. Мүмкін қаңғыған иттерді қырғысы келген шығар. Бірақ мұнда ондай ит жоқтың қасы. Көбіне иелері қыдыртуға шығарады. Сондықтан полицияға шағымданамыз», - дейді Қарағанды орталық саябағы директорының орынбасары Роман Калачев.