Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында мемлекеттік аппаратты одан әрі оңтайлындыру көзделген
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның жеке Ұлттық ғарыш агенттігін құруға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ғарыш саласында басшылықты жүзеге асыру және салааралық үйлестіру бөлігінде жеткілікті өкілеттіктер берілген.
«Сондай-ақ ғарыш саласын цифрландыру, байланыс, электронды өнеркәсіп, геодезия және картографиямен бір мемлекеттік органға біріктіру оң синергетикалық әсерге ие. Мәселен ғарыш саласының өнімдері мен қызметтері (ғарыштық суреттер мен ЖҚЗ деректері) артық бюрократиясыз бірін-бірі толықтыратын бағыттарда белсенді пайдаланылады», – деді Роман Скляр.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары уәкілетті органның жанынан ғылыми-зерттеу базасын құру үшін Үкімет Василий Фесенков Астрофизикалық институтты, Ионосфера және ғарыш техникасы мен технологиялары институттарын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
2030 жылға дейінгі Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында (Мемлекет басшысының 26.02.2021 жылғы № 522 Жарлығы) мемлекеттік аппаратты одан әрі оңтайландыру көзделгенін ескеріп, қазіргі уақытта жеке Ұлттық ғарыш агенттігін құру тиімсіз деп санаймыз, - деді басшы.