×

Әр қазақтың үйінде домбырамен қатар көк байрақ тұруы керек – президент

Ол әлемдік жарыстарда спортшылар ел намысын қорғап, көк туды көтеріп жүргенін атап өтті

 Дәурен Ерболат 22.10.2022 | 13:15
Фото: baigenews.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туды қадірлеуге шақырды деп хабарлады Telegram-дағы Борт N1 арнасы.

Еліміздің барша азаматын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символ – Мемлекеттік ту. Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз – бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді. Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады.

Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етуде. Бұл – нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар», –  деді мемлекет басшысы.

Президент әр қазақтың үйінде домбыра мен қатар көк байрақ тұруы керек деген пікірде.

Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл - дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Оған елдің терең тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, бір сөзбен айтқанда, ұлт құндылықтарының барлығы сыйып тұр, - деді ол.

Сондай-ақ ол Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын айтты.

«Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан, осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына береді.

«Бір сөзбен айтқанда, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені, азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды», - деп сөзін түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама