«Әйтенов кеткен соң бірден өшірді»: Шымкентте газ қосылған ауданның тұрғындары көшеге шықты

Назерке Еркінбекқызы

Қаланың энергетика басқармасы тұрғындардың құжаты дайын емес екенін алға тартты

Коллаж: Халық үні

Шымкентте Қаратау ауданына қарасты Азат шағын ауданындағы үйлерге қыркүйектің басында газ қосылды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге қала әкімі Мұрат Әйтенов те барған. Әкім тұрғындардың үйіне кіріп, газдың қосылғанын тексерген.

Алайда тұрғындардың бұл қуанышы ұзаққа бармады. Олардың сөзінше, әкім үйінен шыққан соң газ бірден өшірілген. Мердігер кей тұрғынның құжаты дұрыс емес екенін алға тартып, 15 қазанда барлық үйге қосады деп уәде берген.

Шымкенттіктер мұны көзбояушылық деп атап, әлі күнге дейін газға қосыла алмай отырғанын айтып жиналды.

«Не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Қала әкімі Мұрат Әйтенов келіп, бізді құттықтап, газды қосып беріп кетті. Енді жаурамайтын болдық деп, көңіліміз орнына түскен еді. Бірақ бұл қуанышымыз көпке созылмады. Әкім кеткен соң араға 15 минут салып, газды өшіріп тастады. Мердігер компания газды 15 қазанда қайта қосуға уәде берген. Он күн өтсе, қараша басталады. Күн суып барады. Ал біз әлі газсыз отырмыз», - дейді шымкенттік көпбалалы ана Севара Шуманова.

Мұндағы бірқатар отбасы газ қосылды деп көмірмен жылытатын пешін бұзып тастаған.

350 мың теңгеге газға арналған құрылғы сатып алдық. Үйде тоққа қосылатын пеш те жоқ. Балалар бірінен соң бірі ауырып жатыр. Үйде қалың киініп жүруге мәжбүрміз. Бізді әкімдік мазақ етіп кетті. Келді, есеп берді де кетті, - дейді ол.

Шағын ауданның тұрғындары осы мәселені көтеріп, қала әкімдігіне де барған. Олар әкіммен кездесуге қыркүйекте жазылған, алайда әлі күнге дейін шақырту алмаған.

«Азат шағын ауданына былтыр төрт баламмен бірге қоныстандым. Газ қосылды деп хабарлады, бірақ қоспай отыр. Содан кейін әкім неге бізді алдайды деп әкімдікке бардық. 19 қыркүйекте қабылдауына жазылдық. Бізді тіркеді, бірақ біз шақырылмадық. Біздің атымыздан сөйлеп, шағын ауданға асфальт пен көшеге жарық қана керек деген адамдар бар екен. Үйде тоңып отырған кезде бізге асфальттың не қажеті бар?», - дейді шымкенттік Кәмшат Бекауылова.

Тұрғындардың айтуынша, газ қосу үшін барлық құжаты түгел.

Не істейміз? Тоқаевқа үндеу жариялаймыз. Болмаса, әкімдіктен адам алып келіп, үйімізге қондырамыз. Келіп көрсін. Балалардың қандай салқын жерде отырғанын көрсін. Ол кісілердің балалары жылы жерде отырған кезде біздің балалар неге қиналуы керек?, - дейді әйел.

Ал Шымкент энергетика басқармасы өкілдері бұған тұрғындардың кінәлі екенін айтты.

«Тұрғындардың құжаты жоқ. Соны дұрыстау керек. «ҚазТрансГазға» өткізу керек. Қауіпсіздік мақсатында олар құжатсыз газға қосылмайды. Құбыр атылып, тұрғындар уланып қалуы мүмкін. Сондай қауіп бар», - дейді  Шымкент қаласы энергетика және инфроқұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Ердембеков.

Айта кетейік, 2022 жылдың 9 қыркүйегінде Азат шағын ауданда 8,9 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыс толық аяқталғаны туралы хабарланды. Нәтижесінде 519 абонент көгілдір отынмен қамтылатыны айтылды.