Павлодарда балаға қол көтерген тәрбиеші жұмыстан шығарылды

Динара Амантай

Сондай-ақ оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды

Фото: polisia.kz

Павлодар облысында балаға қол көтерген мамандандырылған балабақша тәрбиешісі жұмыстан шығарылды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сот тәрбиешіні 5 жасар баланың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірді деп таныды.

Павлодар қаласы білім бөлімінің мәліметінше, сот шешімінен кейін тәрбиеші жұмыстан босатылған. Сондай-ақ сот тәрбиешіге 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (47 700 теңге) айыппұл салды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодарда мамандандырылған балабақшада тәрбиешінің 5 жасар балаға қол көтергені туралы хабарлаған болатынбыз. Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде Павлодар қаласының тұрғыны баласының денесінен көгерген іздердің, ұрып-соғудың белгілілерін байқағанын айтып шағымданған еді.