«Дәрігерлердің салғырттығынан қызымнан айырылдым»: Есік қаласының тұрғыны әділдік іздейді
Қызын қараған медициналық қызметкерлер қазір жұмыстан шеттетіліпті
«Дәрігерлердің салғырттығынан қаршадай қызым қаза болды». Кінәлілер анықталсын деп шыр-пыр болған ана Еңбекшіқазақ аудандық прокуротурасына арыз да жазыпты, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Бақилық болған үш жастағы қызды балабақшада қызуы аяқ-асты көтерілгенде аудандық ауруханаға жеткізілген. Үш күн өткен соң Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға апарыпты. Қыз сол күні көз жұмған. Алайда арызданушы баласының өліміне алғашқы медициналық көмек көрсеткен Еңбекшіқазақ аудандық аурухана мамандарын кінәлап отыр.
«Келген кезде менен анализ алған жоқ. Мына карта әлі менің қолымда картаны ашып қараған жоқ. Осыны ашып қарағанда қызымды аман алып қалуға болар ма еді? Кінәларын мойындап тұр. Үндемейді. Жауаптарын өздеріңіз көріп тұрсыздар», – деді Есік қаласының тұрғыны Әсел Даниярова.
«Қызымның топырағы қатпай тұрып әділдікке жеткім келеді» деген ана басқаларға сабақ болсын деп арыз жазған. Алайда осы күнге дейін дәрігерлерден мандытып жауап ала алмапты.
«Анасы мен қызы бізге қабылдау бөліміне қаралған, түскені рас. Үш рет келіп қабылдау бөліміне түсті. Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Одан кейін қорытындысын айтатын боламыз», – деді Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Әлия Омарбекова.
Ал қызын қараған медициналық қызметкерлер қазір жұмыстан шеттетіліпті. Мән-жайды аудандық прокуратура бақылауға алған.
«Біз сол арызды Алматы облыстық Медициналық фармацевтикалық бақылау департаментіне жолдадық. Мемлекеттік органмен тексеру жүргізіліп жатыр. Прокуратура органдарының қатаң бақылауында. Егер медициналық қызметкерлердің салғырттығы дәлелденсе ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жазаға тартылады. Бес жылға дейін сотталуы мүмкін», – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының аға прокуроры Медет Қабылқайыров.
Бауыр еті баласын жоғалтқан ана істің түлкі бұлаңға салынбағанын қалайды. Ал құзырлы органдар тергеу нәтижесін алдағы бір айда жария етуі керек.