Әншінің фанаттары өкініштерін білдіріп жатыр
Димаш Құдайбергеннің Малайзияда өтетін концерті кейінге қалдырылды.
Бұл туралы мәлімет acomedia.one-нің Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
Осыған дейін Димаш Құдайбергеннің концерті Малайзияның астанасы Куала-Лумпурда Axiata Arena Bukit Jalil аренасында өтетіні айтылған болатын. Әншінің шоу концерті 19 қараша күні өтетіні айтылса, билеттер сатылымы 21 қазанда Ticket2U сайтында басталу керек болған. Алайда Малайзияда өтетін сайлауға байланысты шоу кейінге қалдырылған.
Аcomedia.one мәліметіне қарағанда, Димаш Құдайбергеннің концерті өткізілетін күн қараша айында хабарланатын болады.
Концерттің кейінге шегерілгені туралы жазбаға әншінің фанаттары пікір қалдырған. Олардың бірі осы концерт үшін алған ұшақ билеті мен қонақ үйдегі орнының ақысы қайтарылмайтынын айтып, өкінішін білдірген.
«Мен жинап жүрген ақшамды ұшақ билеті мен қонақ үйден орын алуға жұмсадым. Ал енді олар қайта өткізуге жарамсыз болып шықты. Ең болмаса концертті бір күнге ерте немесе бір күнге кеш ұйымдастырыңыздаршы. Ақшам желге ұшқалы тұр. Концертке баратын әлемнің түпкір-түпкірінен келетін адамдардың пікірін де ескеріңіздер», – делінген.
Тағы бір әншінің жанкүйері былай деп жазған.
«Сайлау күндіз болады. Ал Димаштың концерті кешкі уақытта өтеді. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келетін Димаштың фанаттары үшін ыңғайлы шешім қабылдаңыздар. Мұны Малайзия билігінен өтініп сұраймын. Концерттің өтетін күнін өзгеріссіз қалдырыңыздар», – деген.