Halyq Uni логотип
×

«Мемлекетке қарыз емеспіз»: Жетісу облысында ауыл тұрғындары жылу берілмегеніне шағымданды

Екі қабатты тұрғын үйдің мемлекетке 262 мың теңге қарыз екені айтылды

 Халық үні 21.10.2022 | 16:50
«Мемлекетке қарыз емеспіз»: Жетісу облысында ауыл тұрғындары жылу берілмегеніне шағымданды
Halyq Uni

Жетісу облысында бір ауылдағы жатақхана типіндегі екі қабатты тұрғын үйге жылу берілмеген. Алайда аймақта жылу беру маусымы он күн бұрын басталған.

Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы екі қабатты үйдің тұрғындары пәтерін электр пешпен жылытып отыр. Қаратал көшесі, №82 мекенжайында орналасқан үйде 18 пәтер бар.

Жылытқышты 35 мыңға сатып алдым. Өзім жалғызбасты зейнеткермін. Енді жарықтың ақысын қалай төлеймін?, - дейді тұрғындардың бірі.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің ішіндегі температура кешке 14 градусқа дейін төмендейді.

Жылу жүйелерін тұрғындар биыл өз қаражатына жөндеуден өткізген. Алайда 11 қазанда облыс бойынша үйлерге жылу берілген. Өңірде жылу беруге «Қарабұлақжылу» ЖШС жауапты. Мекеме өкілдері бұл мәселені коммуналдық шығынмен байланыстырып отыр. Себебі тұрғын үй мемлекетке 262 мың теңге қарыз.

Қарызы болған соң жылу берілмеді. «Жылу энергиясын пайдалану қағиадаларын бекіту туралы» заңына сәйкес, төлемді уақытында өтемеген тұрғын үйлер жылудан қағылады. Бұл өзгеріс мамырда енгізілді, - дейді «Қарабұлақжылу» ЖШС заңгері Айдос Мырзабекұлы.

Ал тұрғындар мемлекетке қарыз емес екенін айтады. Олардың сөзінше, қазірге дейін су, жылу, жарық үшін тұрақты түрде төлем жасаған.

Олар бұл жатақхананың бұрынғы тұрғындарының қарызы екенін айтады.

Жергілікті билік тұрғындардың шағымын тыңдады. Бірнеше сағаттан соң жылу беруге де уәде берді. Алайда мәселе түбегейлі шешілмеді. Тұрғындар мұндай жағдай қайталануы мүмкін екеніне алаңдап отыр.

Айта кетейік, жатақхана «Қарабұлақ қант зауыты» ЖШС-ға тиесілі екені белгілі. Алайда бұл зауыт қазір жұмыс істемейді. Мұнда зауытта бір кездері жұмыс істеген қызметкерлер тұрады.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама