Биыл күзде мемлекет басшысы Семейде ЖЭС салуға тапсырма берген болатын
Энергетика министрі Болат Ақшолақов Абай облысының орталығында жаңа жылу электр станциясын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатқанын айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысы президенттің тапсырмасын орындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Тапсырманы алдық. «Самұрық-Энерго» АҚ-мен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Алдымызда техникалық-экономикалық негіздемені дайындау мәселесі тұр. Жылу электр станциясында отын ретінде көмір пайдаланылады деп жоспарланып отыр... Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болғанда, біз заңға сәйкес мердігерді анықтау үшін тендер жариялаймыз. Ол станцияны салып, іске қосады. Сондықтан бұл белгілі бір уақытты алады. Алдымен жобалық жұмыстарды аяқтауымыз керек. Біз оны өте тез істейміз. Менің ойымша, ол көп уақыт алмайды, - деді Болат Ақшолақов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Ал Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов техникалық-экономикалық негіздемесі келесі жылы дайын болатынын жеткізді.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ында мердігерді анықтау бойынша жүргізілуі керек процедуралар бар. Олар бізге Семейде ЖЭО салу бойынша құжаттаманы тамыз-қыркүйекте беруге уәде берген. Алдын ала болжам бойынша құжаттама 2023 жылдың тамыз-қыркүйегінде берілуі керек, - деді министрдің орынбасары.
Еске сала кетсек, қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семейде жаңа жылу электр станциясын салуды тапсырған еді.
«Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық», - деді президент.