Halyq Uni логотип
×

Ақтөбелік оқушылар тағы да медициналық маска тағуға мәжбүр

Дәрігерлер 131 жүкті келіншекті тіркеуге алса, 500-дей бала үйде емделіп жатыр

 Еркеғали Болатұлы 21.10.2022 | 09:50
Ақтөбелік оқушылар тағы да медициналық маска тағуға мәжбүр
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде оқушылар медициналық масканы қайта тағуға мәжбүр. Өйткені өңірде тұмау өршіп тұр. Осыған байланысты аймақтың бас санитар дәрігері білім ошақтары мен көпшілік орындарда маска тағуға қатысты қаулы қабылдады. Тұмау жұқтырғандардың көбі жүкті келіншектер мен балалар екен.

Дегенмен дәрігерлер былтырғыдай ешкімді мәжбүрлей алмайды. Коронавирустан қорқып қалған жұрт баласының қауіпсіздігіне байланысты қаулыны қалтқысыз орындап та жатыр.

Мектебімізде СЭС мамандарының ұсынысымен барлық оқушы және мұғалімдер бетперде режиміне көшті. Оқушылардың арасында он шақты бала үйде емделіп жатыр. Бұл жағдай оқушылар, ұжым арасында жұқпалы аурулардың таралмауына жол бегізбейді, - деді «Білім» мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақерке Мырзағұлова КТК телеарнасына берген жауабында.

Өңірде тұмаудан бөлек, жедел респираторлы вирус жұқтырғандар да жетерлік. Облыстық санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, бұл дерттің коронавирусқа еш қатысы жоқ. Бірақ сақтану жолы – бір.

Дәрігерлер қазанда суық тигізіп, жедел респираторлы вируспен ауырған 131 жүкті келіншекті тіркеуге алыпты. Оның 30 шақтысы ауруханада. Ал 500-дей бала үйде емделіп жатыр. Жұқпалы дерттің тез тарауына ауа райының құбылып тұрғаны себеп дейді мамандар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама