Осы уақытқа дейін кәсіпкердің ақшасына 10 балабақша мен 10 мектеп салынған
Түркістан облысының Сайрам ауданында жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов 7 айдың ішінде 7 мектеп салған. Барлық білім беру ғимараты қажетті құралдармен жабдықталған деп хабарлады «Еуразия» телеарнасы.
Мысалы, бастауыш қазақ тілі кабинетінде интерактивті тақтаға дейін орналасқан. Әр бала бөлек-бөлек отырады.
Сондай-ақ барлық мектепте асхана, кітапхана, спорт зал, тіпті бассейн де бар. Үйірмелер тегін. Жаңа оқу жылында барлығы бірдей есігін айқара ашып, оқушыларды қабылдаған.
Менің зайыбым – мұғалім. 45 жылдық еңбек өтілі бар. Қазір зейнетте. Сол кісінің идеясымен балабақша мен мектеп салып жатырмын. Барлық күшімді, ақшамды, білімімді балаларға арнадым. Жақсы оқыған оқушылар ай сайын 10-25 мың теңге стипендия алады. Ол үшін мен әрбір мектепке 1 миллион теңгеден бөлім отырамын, - дейді Низамхан Сулайманов.
Осы уақытқа дейін кәсіпкердің ақшасына 10 балабақша мен 10 мектеп салынған. 73 жастағы қайырымды жан алдағы уақытта тағы да мектеп саламын деп отыр.