Оның әкесінің үйінен де қару-жарақ тәркіленді
Алматы қаласының полициясы Жетісу облысының тұрғынынан Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды тәркіледі.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған азамат Жетісу облысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол ұсталып, қамауға алынды.
Л. есімді азаматты тінту кезінде одан Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған тапанша тәркіленді. Оның үйінен тапаншаның қабы табылды. Сонымен бірге күдіктінің Жетісу облысы Қаратал ауданындағы әкесінің үйіне де тінту болды. Онда 12-калибрлі ИЖ-26 тегіс ұңғылы мылтық қабымен, оған арналған оптика, пышақ және тапанша түріндегі оттық тәркіленді, – деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 291-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді.