Қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдеме жасаған кәсіпкер кешірім сұрады

Халық үні

Желі қолданушылары Мухоряповтың сөзін айыптап, Choco холдингіне тиесілі қызметтерге бойкот жариялауға шақырған еді

Фото: instagram.com/rrm777

Қазақстандық кәсіпкер, Choco холдингінің басшысы Рамиль Мухоряповтың Ресейден көшіп келгендермен кездесуінде қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі әлеуметтік желіде дау туғызды.

Желіде тараған видеода кәсіпкер жиындардың бірінде шетелден келіп жатқан ресейліктерге оларды түсіне тұра қазақ тілінде жауап беру «біртүрлі және бұл ұлтшылдықтың белгісі» екенін айтады.

Желі қолданушылары Мухоряповтың сөзін айыптап, Choco холдингіне тиесілі қызметтерге бойкот жариялауға шақырды. Олар сондай-ақ кәсіпкерден қазақ тілінде кешірім сұрауын талап етті.

Бүгін Рамиль Мухоряпов сол сөзі үшін кешірім сұрады.

«Кеше видеоның бір бөлігін көрдіңіздер. Ең алдымен, барлығыңыздан кешірім сұрағым келеді. Ешкімді ренжітейін деген ниетім болған жоқ. Дұрыс айтасыз. Қазір сіздерді өте мұқият тыңдау керек. Мен видеоны қайта қарап шықтым. Расымен де дөрекі пікір, қатты айтылған. Мен Қазақстан азаматымын. Алматыда тудым, сол қалада өстім. Біздің компанияда жұмыс істейтіндердің 99 пайызы – қазақстандықтар. Салық төлейміз. Мен қазақ тілін дамытудың маңыздылығын өте жақсы түсінемін. Компанияда тауарлардың бәрін қазақ тілінде насихаттаймыз. Қазір қосымшалардың бір бөлігі қазақ тіліне көшті, қалғаны енді көшіріліп жатыр. Жақын арада біз бұл жұмысты бітіреміз. Қазақ тілінде аздап түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын. Енді үйренуге тырысамын», - деді ол.