Оралда полицейлер көпірден секірмек болған әйелді аман алып қалды (ВИДЕО)
Бір күн бұрын ол жұбайымен жанжалдасып қалған
Оралдық полицейлер көпірден секірмек болған әйелді құтқарып қалды деп хабарлады Polisia.kz.
Нақты айтқанда, бүгін таңертең 102 арнасына Орал қаласындағы көпір қоршауында тұрған әйел туралы хабарлама түскен.
Ол жерге жедел жеткен полицейлер көпірден құлауға тырысқан әйелді көреді. Олар әйелге абайлап жақындап, қауіпсіз жерге шығарып, өлімнен арашалап қалған.
Белгілі болғандай, 41 жастағы қала тұрғыны күйеуімен бірге кәмелетке толмаған екі баланы тәрбиелеп отыр. Бір күн бұрын ол жұбайымен жанжалдасып, өзін-өзі өлтіруге шешім қабылдаған.
Әйел мен туыстары полицейлерге құтқарғандары үшін алғыс айтты.