Бір балаларды қолдау қорына жыл басынан бері буллингке қатысты 42 шағым түскен
Елімізде мектеп оқушыларының 65 пайызы қысымға ұшырап, буллингтің құрбаны болады. Мамандар оның соңы көп жағдайда өліммен аяқталады деп мамандар дабыл қағып жатыр.
«Астана» телеарнасына шағымданған Анна Орлованың айтуынша, оның 3-сыныпта оқитын ұлына оқу жылының басында жоғары сынып оқушылары қысым көрсеткен. Бір топ бала 9 жасар жеткіншекті мектептің спорт залында күштеп ұстап, «терезеден лақтырып жібереміз» деп қорқытыпты. Бұдан кейін бала мектепке барудан бас тартқан.
Әдеттегідей ұлымды мектептен алып кетіп бара жатқанда, оның өзін жайсыз сезініп тұрғанын байқадым. Алақандары терлеп, дауысы дірілдеп, қобалжып тұрды. Мен не болғанын сұрай бастаған соң, ол мән-жайды айтып берді. Жоғарғы сынып оқушылары қоқан-лоқы көрсеткен. Ал мектеп әкімшілігі бейғам отыр. Оларға баланың моральдық денсаулығы маңызды емес, - дейді Анна Орлова.
Осылайша, мектеп әкімшілігі тиісті шара қолданбағандықтан ол балаларды қолдау қорына жүгінген. Ал ол ұйымға жыл басынан бері буллингке қатысты 42 шағым түскен көрінеді.
Буллинг адамның жүйке жүйесінің тозуына, өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Оған жол беріп қойып, қарап отыруымызға болмайды. Сондықтан сарапшылар, психолог мамандар, медиаторлар мен құқық қорғаушылар бірігіп, буллингке қарсы күрес жүргізіп, жүйелі түрде жұмыс істеуі керек, - дейді қордың атқарушы директоры Светлана Богатырева.
Психологтар буллингтің кез келген түрі қауіпті дейді. Физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық қысым көбейген. Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова мектептерде енді ресми түрде буллингке қарсы ережелер енгізілетінін жеткізді.
Бірде-бір директор маған келіп, буллингке қарсы күресу үшін көмек сұраған емес. Құлшыныстары жоқ. Сондықтан мектептерге мұны міндеттеп қою керек. Қазір Оқу-ағарту министрлігі осыны қолға алды, - дейді ол.
Сондай-ақ сарапшылар мектепте буллинг болған жағдайда оқу орнына тәуелсіз тексеріс жүргізілуі керек деген пікірде.