×

Павлодар облысында мәдениет үйінің директоры 12 жастағы баланы ұрып тастады

Ертең іс сотта қаралады

 Еркеғали Болатұлы 19.10.2022 | 17:44
фото: видеодан скриншот

Павлодар облысында ауылдағы клубтың басшысы жасөспірімді соққыға жықты. Ал баланың достары оны видеоға түсіріп алған.

Видеодан балаларға қарай алыстан ер адамның велосипедпен жақындап келе жатқанын көруге болады. Ол екпіндеп келген бетте бір баланы бастан ұрып, жерге құлатады. Одан кейін де жер-жебіріне жете балағаттап, аяқтан шалып құлатады.

8 қазанда Қашыр ауданының (қазіргі Тереңкөл) Тілеубай ауылында мәдениет үйінің директоры 12 жастағы баланы ұрып тастады, - деп жазылған видеоның анықтамасында.

Ауылдық округтың әкімдігі баланы ұрған 44 жастағы жергілікті клуб басшысы екенін растады. Қазір сол үшін ауданнан ауылға арнайы топ барған. Олар мәселенің мән-жайын анықтайды. Ал Павлодар облыстық полиция департаменті зардап шеккен баланың заңды өкілі арызды 9 қазанда жазғанын хабарлады.

Сот-медициналық сараптама бойынша жасөспірім жеңіл жарақат алған. Осыған байланысты Әкімішілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ертең ол іс сотта қаралады.

Еске сала кетсек, осы тәртіп бұзушылық үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (47 700 теңге) мөлшерінде айыппұл салу не 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама