Halyq Uni логотип
×

«Мектеп директоры 50 мың теңгеден пара ұсынды»: Шымкентте бір топ мұғалім еңбекақысын талап етті

76 мұғалім мектеп дирекорының айтуы бойынша жаңа оқу жылында жекеменшік мектепке ауысқан 

Шымкентте №69 мектепте жұмыс істеген мұғалімдер мектеп алдына жиналып, бір жарым айдан бері мәселесі шешілмегенін жеткізді. Олар бірінші қыркүйектен бері бұрын жұмыс істеген мекемеден есеп айырысу құжатын алмаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

№69 мектепте жұмыс істеген 76 мұғалім оқу жылының басында жаңадан ашылған жекеменшік мектепке ауысқан. Олардың сөзінше, 27 шілдеде еңбек демалысынан келіп, №69 мектепте бір ай үш күн жұмыс істеген. 1 қыркүйекте жаңа мектепке ауысқан. Мұғалімдер еңбек шартын бұзып, жаңа жұмысқа орналасқан. Енді олар есеп айырысу құжатын сұрап отыр.

Ал Шымкенттің білім басқармасы мұғалімдер еңбек демалысынан кейін бірден жаңа жұмысқа ауысса ғана есеп айырысу құжаты берілетінін айтады. Енді он шақты мұғалім құжатты беріп, төлем жасауды талап етті.

«ЕРІКСІЗ БАСҚА МЕКТЕПКЕ АУЫСТЫҚ»

Бастауыш сынып мұғалімі Динара Рысқұлбекова мұғалімдердің жаңа мектепке еріксіз ауысқанын айтады. Себебі №69 мектептің директоры Гүлшат Шымырбаева басқа мектепке ауыспаса, мұғалімнің сағат саны азаятынын айтқан.

«Алдын ала тізім дайындалды. Ол тізім бір жыл бұрын берілді. Бұл мектепте жұмысқа бізден кейін келген мұғалімдер де қалды. Арамызда 7 жыл жұмыс істеген мұғалім де бар, бірақ бір жыл бұрын жұмысқа кірген адам қалды. Қалай қалып кеткенін білмейміз. Әділдік жоқ. Түсіндірген жоқ, жиналыс жасаған жоқ. «Оқушыларыңды алыңдар, құжаттарыңды қолдарыңа ұстаңдар да, кетіңдер» деді. Үйреніп қалған орнымыз ыңғайлы еді. 5-6 ай емес, 5 жыл жұмыс істедік. Еркімізден тыс кеттік. Біраз қазір істеп отырғаны әділ емес. Бұл мектепте оқушы саны көбейіп кеткен. 3-4 ауысым болып кетті. Бір бөлігін сол жаққа жіберді. Егер оқушыны жаңа мектепке жіберіп, өзіміз осында қалсақ, сағат жетпейді. Жұмыссыз қалатынымызды айтты», - дейді Динара Рысқұлбекова.

Айтуынша, мұғалімдерге тиісті еңбекақысын есептеп берсе жеткілікті.

Мен 5 жыл бойы осы мектепте жұмыс істедім. Есеп айырысу құжатын бермей отыр. Біз сол құжатты беруін талап етіп отырмыз. Есептеп, түсіндіріп, қағаз жүзінде көрсетіп берсе болды, - дейді Рысқұлбекова.

Бір топ ұстаз жаңа оқу жылында жұмысты жекеменшік мектепте бастады. Олардың сөзінше, өздері бір кездері жұмыс істеген білім ордасының басшысы көзінде тұрмаған.

"Бізді басқа мектепке ауыстырып жіберді. Сөйтті де, бұрынғы басшымыз бірден өзгеріп шыға келді. Уәде бойынша, бізге есеп айырысу бойынша еңбекақы төлеуі керек. Бірақ бір тиын да бермеді. Бәріміз еңбек демалысынан шығып, бір ай үш күн жұмыс істедік. Кейін бізді жұмыстан шығарып жіберді. Осылайша «расчетный» ала алмай кеттік», - дейді мұғалім Айгерім Сыздықова.

Мұғалімдер шу шығарған соң 76 мұғалімнің жартысына төлем жасалған. Алайда 40 мұғалімнің шотына еңбекақы түспеген.

«Арызданып білім басқармасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен еңбек инспекциясы басқармасына бардық. Бірақ еш жерден жауап ала алмадық. БАҚ өкілдерін шақырамыз деген соң 36 мұғалімге есеп айырысу құжаты берілген. Алайда оны алған ұстаздардың да көңілі толып отырған жоқ. Бір мұғалімге 150 мың теңге, енді біріне 50 мың теңге түскен», - дейді Айгерім Сыздықова.

«ДИРЕКТОР 50 МЫҢ ТЕҢГЕ ПАРА ҰСЫНДЫ»

Тағы бір мұғалім өзіне мектеп директорының пара ұсынғанын айтты.

Ешкімге еңбекақы бойынша есеп айырысу құжаты берілген жоқ. Ол бәріне бірдей беріледі. Мектеп директоры маған пара ұсынды. Екі мұғалімді жеке кабинетке шақырып алып, 50 мың теңгеден ұсынды. Не үшін? Осымен қоя салу үшін ұсынған шығар, білмеймін, - дейді Зарина Тұранова.

№69 меткеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Құсайынованың айтуынша, мектеп басшылығы мұғалімдер көтерген мәселеден хабардар.

«Оның барлығын заң тұрғысында мектептің бухгалтері тексеріп жатыр. Қалалық білім бөліміне де барғанынан хабардармыз. Төлем жасалған мұғалімдер бар. Заң аясында ақша төленуі қажет қызметкерлерге төленді. Мектеп басшысы бұл кісілерге заң бойынша төленбейтінін айтты. Оны біз шешпейміз. Оған бухгалтер жауап береді», - Алтынай Құсайынова.

Мәселені Шымкент қаласындағы еңбек инспекциясы басқармасының мамандары да біледі екен. Мамандардың айтуынша, кей мұғалімге есеп айырысу жүргізілмейді.

«Кеше екі мұғалім келіп, мәселесін айтты. Оның алдында сол мектептің директоры мен бухгалтері келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді сұрап жазбаша өтініш қалдырған еді. Сол өтініштеріне жауап берілді. Еңбек кодексінде еңбек шарты тоқтатылған уақыттағы есеп айырысу мәселесі қарастырылған. Мұғалімдердің барлығы жазғы уақытта еңбек демалысын толық пайдаланады. Егер қызметкер демалысын 12 айға толмастан артық пайдаланса, есеп айырысу жүргізілмейді», - деді Шымкент қаласы еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Шәріпов.

Ал Шымкент қаласы білім басқармасының өкілдері жаңа мектепке кеткен 40 мұғалімге ақы төленбейтінін айтты. Сөздерінше, бұл еңбек кодексінің 113-бабына («Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері») сәйкес келмейді.

«Заң аясында 36 мұғалімге берілді. Ал қалған 40 мұғалімге берілмейді. Өйткені еңбек демалысынан кейін жұмыс істеген күндері болмай, Еңбек кодексінің 113-бабына қарастырылған өтемақы төлемдерін қоспағанда еңбек демалысы толық пайдаланылған жұмыскерге есеп айырысу жүргізілмейді делінген», - дейді Шымкент қаласы білім басқармасы бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Асанбаев.

Алайда Еңбек кодексінің 113-бабының 4-бөлігінде еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу ол тоқтатылғаннан кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі делінген.

Айта кетейік, мұғалімдер Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің атына арыз жазған. Одан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама